Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында дуадақты қолдан көбейтетін нысан бар. Құс тұқымбағы араб инвесторының қаржысына салынған. Ол жерден жыл сайын табиғатқа 3 мыңға жуық дуадақ ұшырылады. Қазір жобаның үшінші кезеңі қолға алынды. Сұлу құс саналатын дуадақты көбейтуге мұнда бар жағдай бар. 895 гектар жердегі құс тұқымбағы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Мұндағы өсіріліп жатқан жек дуадағына жем-су бекітілген тәртіппен беріліп отырады. Олар өсіп, жетілген соң Бетпақдалаға жіберіледі. Бұл туралы khabar.kz сайты.
«Қолға үйрету үшін осылай жем береміз. Ең бастысы қолға үйренуі керек. Үркітіп алмау қажет. Осылай адамға үйренеді. Музыка болса, өздері еркін жүреді»,-деді құс өсіруші Айбол Бөрібеков.
Табиғатқа жіберілген жас дуадақтардың 70 пайызы аман қалады екен. Ал тұқымбақтағылардың 90 пайызы өсіп жетіледі. Күзге дейін дала төсіне 1500-ден аса дуадақ жіберілген. Жыл соңына дейін тағы да осыншама құсты еркіндікке жіберу көзделуде. Ал келер жылы тұқымбақтағы құсты 15 мыңға жеткізбек. Ол үшін жобаның үшінші кезеңі жүзеге асырылып, қазір құрылыс жұмыстары жүруде.
«Үшінші кезеңде құстарды қыста сақтайтын орындарды көбейтуді қолға алып отырмыз. «Ай би ю» инкубаторына көп көңіл бөлдік. Бұл жасанды жолмен дуадақтарды қолдан көбейтуге септігін тигізеді»,-деді халықаралық дуадақты қорғау қоры директорының орынбасары Сергей Некляев.
Орнитологтардың айтуынша, осы жерден ұшырылған құстардың барлығына арнайы белгімен қондырғылар орнатылған. Бұл ғаламтор арқылы құстардың ұшу бағытын және олардың қай жерде көбейетінін зерттеуге мүмкіндік береді. Жалпы дуадақтардың жоғалып кету қаупі бар. Сол себепті Қызыл кітапқа енгізілген.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бірлескен жобасы дуадақтардың көбеюіне ықпал ететіні анық. Сондықтан да тұқымбақты дамыту жобасы қолға алынған.