Шымкент қаласындағы терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы 750 тонна болатын алюмин профильдерін шығарды. Оның 20 пайызын Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан сынды елдеріне экспорттаған. 2014 жылы индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде зауыт өндірісін дамытып, импорттық тауарлар орнын алмастыруда жұмыс жасап келеді. «GOLD Aluminum» брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылған. Бүгінде аталған компания Қазақ-Түрік индустриалды аймағында ПВХ профильдерін, алюминий мен ПВХ-дан мөлдір шыны құрылымдарын (светопрозрачная конструкция) шығарып, сондай-ақ, газ плиталарын жинау қызметімен айналысатын екінші зауыттың құрылысын жүргізуде. Жоба құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Болашақта зауытта елу адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы алюминий профильдерінің көлемі 50 мың тоннаны құраса, оның 25 мың тоннасы Қытай мен Ресейден, Өзбекстан мен Түркиядан импортталады.
Бүгінгі таңда индустриаландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асқан әр бесінші жоба Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бағдарлама аясында 8 жыл ішінде облыс аумағында жалпы құны 208,3 миллиард теңге болатын 162 жоба іске қосылған.