Оңтүстіктің ғана емес, еліміздің бренді саналатын «Сарыағаш» минералды ауызсуы шетел нарығына шығарылып келеді. Өңірдегі жерасты суын өндіретін кәсіпорын мемлекеттен төменгі пайызбен қомақты несие алып, зауытты заманауи қондырғылармен жабдықтап отыр.
Кәсіпкер мемлекеттен 75 млн теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алған. Оның өзінде 14 пайыз үстеменің тең жартысын ғана төлейді. Бұл бірінші кезекте отандық тауар өндірушілерге үлкен көмек және сырттан тасымалданатын тұтыну тауарларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорын қуаттылығын арттырып, ішкі нарықтан артылған отандық өнімді сыртқа нарыққа шығаруда.
Зауыттың негізі осыдан тура 18 жыл бұрын қаланған. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан қондырғылар біршама ескірген. Оны жаңғыртуға қаржы қолбайлау болыпты. Кәсіпкердің өндіріс қуаттылығын арттырсам деген ойына мемлекеттік бағдарлама қолдау болған. Кәсіпорын бүгінге дейін сағатына табиғи минералды су құйылған 3,5 мың дана дайын өнім шығарып келген. Енді зауыттың қуаттылығы екі есеге дейін артқан. Қазірдің өзінде ішкі нарықтың 75 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Мың метр тереңдіктен шығып жатқан жерасты суы бірнеше қайтара сүзгіден өткізіліп барып, ыдыстарға құйылады. Судың құрамы жіті бақыланады. Офны қадағалап отыратын жеке зертханалары да бар.
Жаңғырту жұмыстары зауыттың қуаттылығын арттырып қана қоймай, өнімге деген сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, қолмен атқарылып келген жұмыс жаңа жүйенің арқасында толықтай компьютермен басқарылып отыр.