Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан түсті металл орамаларын шығаратын және электр қозғалтқыштар жөндейтін «КазЭлМаш» жауапкершілігі шектеулі серіктесінің қызметіне сұраныс артқан. Әзірге, Оңтүстік Казақстан облысында теңдесі жоқ мұндай кәсіпорын өңірімізде ғана емес, Қызылорда және Жамбыл облыстарында электр вагондарын жөндеу бойынша жетекші өндіріс орны болып табылады. Сондықтан да бұл кәсіпорынның қызметіне деген сұраныстың артуы заңдылық. Өткен жылы іске қосылған аталған цехтың жобалық құны 75 млн. теңгені құрайды. Отыз адам жұмыспен қамтылған өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 12 тонна құрайды.
«КазЭлМаш» ЖШС-і электр машиналарына сервистік қызмет көрсетіп, күрделі жөндеуден (тұрақты тоқ электр қозғалтқыштары: асинхронды, синхронды, жоғары кернеулі, жарылыстан қорғалған электр қозғалтқыштарды, трансформаторларды, генераторларды) өткізуге қызмет етеді.
Сонымен бірге, негізгі қызмет түрі ретінде жоғары вольтті және төмен вольтті электр машиналарының статор және арматура орамаларын өндіріп, тікбұрышты сымдар, дөңгелек қималы мыс және алюминий жасаумен айналысады. Компания клиенттері ірі кен өңдеу кәсіпорындары, цемент зауыттары, мақта өңдеу зауыттары мен ұн тарту комбинаттары және басқа да көптеген ұйымдар.