Түлкібас ауданындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған «Түлкібас нан» нан зауыты жылына 7,5 млн. дана нан өнімдерін шығарса, тәулігіне 7,5 миллион теңгенің нан өнімдерін пісіреді. Қамырға солтүстік облыстардың сапасы жақсы, жоғары сұрыпты ұнын қолданады. Түлкібастағы білім ошақтары мен ауруханаларды нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған зауыт өз өнімдерін Шымкентте де саудалауда. Нанның бес түрін шығаратын кәсіпорында мұнан бөлек, тәулігіне 500 келі кондитерлік өнімдер пісіріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қаржыландырылып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпорында жергілікті 30-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 5 мың тонна нан өнімдері шығару. Нан зауытында ресейлік құрал-жабдықтар орнатылған.
Бұл жерде ұннан неше түрлі тәттілер дайындалады. Күлшелер мен бәліштер,«Айя» сауда белгісіндегі кондитерлік өнімдер де осы зауытта өндіріледі. Бағасы қалтаға қонымды. Аудандағы әлеуметтік мекемелер, аурухана, балабақшалар осы зауыттың нанын тұтынуда. Күннен күнге мұнда шығарылатын өнім түрлері көбейіп келеді.
Мұнан бөлек, зауыттың арнайы дүкендері аудандағы барлық 23 елді мекенде ашылып жатыр. Аудан әкімдігі тарапынан дүкен салуға қажетті жер телімдері бөлінуде.