Шымкент қаласында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС және «Ырыс» МҚО арқылы осы жылдың 7 айында 620 млн теңгеге 100 жоба мақұлданды. Бүгінгі таңда оның 79-ы 426,5 млн теңгемен қаржыландырылып отыр. Ал қалған жоюалар жыл соңына дейін төменгі пайызбен несие алмақ.
Шымкент – шағын кәсіпкерлік дамыған шаһар. Өндіріс орындары да көбейген. Бүгінгі таңда қалада 498 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ірі және орта кәсіпорындар 89 болса, кіші 350 кәсіпорындар бар. Ал қалған 59-ы қосалқы кәсіпорындар. 2017 жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп кәсіпорындарында 212 491, 2 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101, 2 пайызға артып отыр.
Сонымен қатар, осы саланы дамыту мақсатында биыл «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» бойынша 114 жобаға қолдау көрсету міндеті қойылған. Ал кәсіпкерлердің банктердегі несиелері бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға 82 жоба бекітіліп, бүгінде 17 жобаға қолдау көрсетілген. Шағын кәсіпкерлік субьектілеріне өз бизнесін бастауға мемлекеттік гранттар беру бойынша 62 жоба ұсынылып, оның 7-уі қолдау тапқан. Жылдың соңына дейін бағдарлама аясында құны 32,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.