Берік Уәли, ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы: "Тойлардың қосақталуында үлкен мән бар"

Сұхбат
15.10.2014, 17:26

 

- Берiк Уәлиұлы, әлеуметтік желілерде ұлт қайраткерлерi Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы жайында көбірек жазып жүрсіз. Соған қарағанда өздеріңіз бас болып, үлкен бір шара ұйымдастырылатын сияқты.

 - Иә, дұрыс байқаған екенсіз. Биыл қазақ халқының көшбасшылары, ардақты азаматтары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың дүниеге келгенiне 120 жыл толып отыр. Қазақ тарихында өзiндiк орындары бар тұлғаларды дәрiптеп, олардың тағылымды iстерiн ұрпақ санасына сiңiру – мiндетiмiз. Сондай-ақ, биыл облысымыздағы ғана емес, елiмiздегi тарихы тереңде жатқан басылымдардың бiрi, баспасөз қарашаңырағы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне — 90 жыл. Осы елеулi оқиғаларды республикалық деңгейде атап өтудi жөн көрдiк. 17 қазанда Оңтүстік қазақстан облыстық ісшкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120, «Оңтүстік қазақстан» газетінің 90 жылдығына орай ғылыми-теориялық конференция өткізгелі жатырмыз. «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң мерейтойы жыл басынан берi мерекеленіп келеді. Газет ұжымы аудандарды аралап, оқырмандармен жүздестi. Ол кездесулерге Байдулла Қонысбек және Мархабат Байғұт сынды осы басылымда қызмет еткен ардагер қаламгерлер де қатысып, жұртшылықпен ой бөлiстi. Қазан айындағы басқосу сол iс-шаралардың қорытындысы болып табылады. Қос тұлға мен басылымның мерейтойына орай «Ақ жол» және Алаш ардақтылары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтедi. Олай ат қойып, айдар тағуымыздың себебi, конференцияға белгiлi тарихшылар, ғалымдар қатысады. Негiзгi баяндаманы алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы жасайды. Тарих ғылымдарының докторы Ануар Исмаилов Тұрар Рысқұлов туралы «Түркi әлемiнiң көрнектi мемлекет қайраткерi» тақырыбында ой қозғайды. Ал филология ғылымдарының докторы, қожановтанушы Амантай Шәрiп Сұлтанбек Қожанов жөнiнде баяндама жасамақ. Ол кiсi түркi академиясында жұмыс iстеп жүр. Құнды мәлiметтерi бар. Одан кейiн филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi «Журналистика және саясаттану» факультетiнiң деканы Қайрат Сақ, шетел мұрағаттарынан «Ақ жол» газетiнiң барлық сандарын жинап, жинақ етiп шығарған белгiлi ақын Ханбибi Есенқарақызы осы басылым туралы деректермен бөлiседi. Бұл жерде екi тұлғамен қатар қарашаңырақ басылым «Оңтүстiк Қазақстанның» 90 жылдығы аталып өтiлетiндiктен есiмдерi танымал қоғам және мемлекет қайраткерлерiне, ғалымдар мен ақын-жазушыларға, республикадағы белдi басылымдардың бас редакторларына, елге танымал қаламгерлерге, Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туған-туыстарына шақыру қағаздары жiберiлдi. Бүгiнде қонақтарды күтiп отырмыз.

Екі тойдың қосақталуына не себеп?

Көпшiлiк бiрi бiлсе, бiрi бiлмейдi. Екi арысымыз 1938 жылы қуғын-сүргiн құрбаны болып кеттi. Сталиннiң озбыр саясатының кесiрiнен екеуi де ату жазасына кесiлген. Өкiнiшке қарай, кейбiр тарихшылар арасында көп жағдайда бұл екi азаматты бiрiне-бiрiн қарсы қою үрдiстерi орын алып жүрдi. Айтыс-тартыстар да болды. Бiрақ неге екенi белгiсiз, олардың идеяларының бiр болып, қазiргi «Оңтүстiк Қазақстан» сол кездегi «Ақ жол» газетiнiң жарық көруiне үлес қосқаны айтылмайды. Бiрi газеттi шығару туралы шешiм қабылдап, бiрi бас редактор болғаны көп жағдайда назардан тыс қалады. Қос қайраткердiң ұлтты аман сақтау жолында қоян-қолтық жұмыс iстегенiн осы газеттi өмiрге әкелгенiнен-ақ бiлуге болады. Егер олардың көзқарастары сәйкес келмесе неге осыдан 90 жыл бұрын газеттiң басында бiрге тұрды? Ол уақытта «Ақ жол» тек бiр облыс немесе аймақ емес, республикада маңызы бар үлкен басылым болған. Оған газеттiң сол кездегi парақтарын ақтарсақ көз жеткiземiз. Ханбибi Есенқарақызының бастамасымен шығарылған көптомдықтың iшiндегi мақалалардан тұлғаларымыз ауыл iшiндегi мәселелердi емес, қалай ел боламыз, қалай мемлекет құрамыз деген сұрақтарға жауап iздегенiн аңғарамыз. Жұма күнi өтетiн ғылыми-теориялық конференцияда осы әңгiмелер, тағы басқа да тың деректер айтылатынына еш күмәнiм жоқ. Осы басқосудағы баяндамаларда екi қайраткердiң мемлекет құрып, ұлт болып ұйысу жолында бiрлесiп жұмыс жасағаны көрiнiс табады деп ойлаймын. Тойлардың қосақталуында осындай үлкен мән бар.

Өзіңіз жаңа қызметке келгелі республикалық БАҚ журналистері семинарлар өткізіп жатқанын естіп отырамыз. Өзге қандай шаралар ұйымдастырып жатырсыздар?

Жаңа қызметке тағайындалғаныма 100 күннен асты. Тамыз айынан бастап жыл соңына дейiн қалған 18 аптаға жоғарыда айтылған мерейтойлардан бөлек, 30 шақты iс-шараның жоспарын түздiк. Осы жоспарға сай жұмыс жүргiзiлуде. Iс-шаралардың 10-нан астамын өткiзiп үлгердiк. Олардың бiрқатарына тоқтала кетсем, Конституция күнi мерекесiне орай «Өркендеу мен тұрақтылықтың кепiлi – Ата заң» форумы, «Отансүйгiштiк мемлекеттiк рәмiздердi сүюден басталады» тақырыбында журналистер арасында байқау ұйымдастырылды. Отбасы күнiне орай жазушы, ұлттық салт-дәстүрдi насихаттаушы апамыз Зейнеп Ахметованы шақырып, облыс жастарымен, студенттерiмен мағыналы кездесу өткiздiк. Облыстағы жас ақындарды ынталандыру мақсатында Тәуелсiздiк күнi мерекесiнiң құрметiне жыр мүшәйрасын жарияладық. Осы мүмкiндiктi пайдаланып, жастарды мүшәйраға қатысуға шақырамыз. Өйткенi, шығармалар аз түсуде. Бас жүлдеге жеңiмпаздың жыр жинағы шығарылса, жүлделi орындарға да қомақты ақшалай сыйлық тапсырылады. Жуырда «Мерейлi отбасы» байқауында бас жүлденi иемденген түркiстандық Бимаханбетовтер отбасының жеңiсi республика көлемiнде БАҚ арқылы жақсы насихатталды. Басқарманың ұйымдастыруымен аудан, қала журналистерiне арналған үш семинар-тренинг өттi. Бұл жиындарда Жанболат Аупбаев, Серiк Жанболат, Есенгүл Кәпқызы және Гүлзина Бектасова сынды республикаға танымал журналистер Оңтүстiктегi әрiптестерiмен тәжiрибе алмасты. Жергiлiктi басылымдар атынан Бақтияр Тайжанов пен Кеңес Исмаилов бiлгендерiмен бөлiстi. Бұл — журналистердi оқыту емес, тәжiрибе алмасу. Алматы, Астанадан келген редакторлар Оңтүстiктегi осы кездесулерден көңiлдерiне бiраз нәрсе түйiп қайтқандарын айтты. Келесi аптада тележурналистерге семинар өтедi. Оған «Хабар» агенттiгiнiң танымал продюсерi, тәжiрибелi маманы Арман Сқабылұлы мен «Астана» телеарнасында қызмет ететiн республикаға белгiлi журналист Жайна Сламбек облыстағы жас әрiптестерiмен тәжiрибе алмасады. Қазiр интернет-басылымдар, сайттар қарыштап даму үстiнде. Қазақстанда алғашқы болып ашылған «Абай» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат та Оңтүстiкке атбасын бұратын болады. Журналистер арасында шағын футболдан қос тұлға мен газеттiң мерейтойына орай республикалық турнир ұйымдастырылды. Оған Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының БАҚ өкiлдерiнен құралған командалар келiп қатысып, салауатты өмiр салтын насихаттады. «Мәңгiлiк Ел – ұлттық идеямыздың түпқазығы» атты саясаттанушылардың республикалық конференциясы өттi. Оған Ерлан Қарин мен Айдос Сарым бастаған саясаттанушылар қатысты. Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру жолдары талқыланған жиында қалалық, аудандық iшкi саясат бөлiмдерiнiң басшылары идеологиялық тұрғыда бiраз пайдалы кеңестердi жадыларына түйгенi анық. 27 қазанда Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығын Астана қаласында Халықаралық Түркi Академиясымен бiрлесiп өткiземiз. Оған академия президентi Дархан Қыдырәлi, түркi мемлекеттерiнiң ғалымдары қатыспақ. Бұл iс-шараға да Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi ұйытқы болып отыр. Сондай-ақ, алдағы Тұңғыш Президент күнi, Тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында да тиiстi салтанатты iс-шаралар өтедi. Ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылмақ. Жеңiстiң 70 жылдығы қарсаңында ардагерлермен кездесу, отаншылдыққа шақыратын өзге де бастамалар қолға алынады. Бұл жұмыстардың бәрi әрбiр аптаға бөлiнiп, жүйеленген.
 

Сұхбат

PhotoRoom