Шымкентте қала күні мерекесіне орай Республикалық «Жайдарман» ойындары өтті. Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған көңілді тапқырлар сайысына үздік 11 құрама командалар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жайдарман» ойындарында Орал, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Алматы, Маңғыстау, Жетісай, Түркістан, Шымкент қалаларының намысын қорғап келген командалар өзара мықтыны анықтады. Қала әкімінің кубогі үшін өткізілген ақтық сайыс «Сәлемдесу» конкурсынан тұрды. Қатысушы командалар 7-8 минуттың ішінде бар өнерін салып, көрерменнің көңілінен шығуға тырысты. Қызықты да тартысты өткен сайыс қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады. Ойын қорытындысы бойынша қала күніне орай ұйымдастырылған жайдарман сайысының жеңімпаз командалары анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Төрешілердің шешіміне сәйкес, бірінші орын мен 1 млн теңге Маңғыстау облысынан келген «Боранқұл» командасына бұйырды. Екінші орын мен 300 мың теңге Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының командасы иеленді. Сонымен қатар үшінші орын мен 200 теңге сыйлыққа Мақтарал ауданы, Жетісай қаласының командасы лайықты деп танылды. Бұдан бөлек, «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша 100 мың теңге Шымкенттік Ұлан Мамырбекұлына берілді.