РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫ АУЫЛДАН БАСТАҒАН ОҢТҮСІКТЕГІ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ !

Аймақ
03.10.2017, 22:34

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» деген еді.

Расында да, әр адамның «шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені» бар. Ол қасиетті мекен – туған жері. Қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол» дегенді тегін айтпаса керек-ті.fdh-640x480

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – «Тал ек. Гүл ек. Туған жерді түлет!» дейтін ұстанымды берік ұстанған жан. Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза «Түлкібас – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп асқақтатқан киелі өңірде елге белгілі талай азаматтар түлеп ұшты. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Өркен Есейұлы. Халық қалаулысы кіндік қаны тамған туған жерінің әлеуметтік жағдайына бейжай қарай алмайды. Өркен Есейұлының елге атқарған игілікті істерін ауылдағы ағайын да әрдайым тамсана әңгімелеп отырғаны.

Ізгіліктің бастауы – отбасы

«Әке – асқар тау, Ана – баурайындағы бұлақ» деген тамаша тәмсіл бар. Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Әке мен ана сол шағын мемлекеттің құрушысы, иесі, қорғаны. Баланың да жақсы болуы – ата мен анаға байланысты. «Атаға қарап ұл өсетіні, ана қарап қыз өсетіні» белгілі. Өркен Есейұлының да әкесінің ерекше жан болғанын ауылдағы ағайын жиі айтып отырады. «Есей ақсақал өте мейірімді, «үлкенге құрметі, кішіге ізеті» бөлек ерекше жан еді. Ауылдағы ағайынның бәрі айрықша құрмет көрсететін «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Өркен баламыздың да Есейдей әкенің тәрбиесін көріп өскені байқалып тұр. Үнемі елге, ауылға, ауылдағы ағайынға қамқор болып жүргені» дейді ауылдағы ақсақалдар.

Кейіпкеріміздің әкесі Есей ақсақал жастайынан еңбекқор, бойында ұйымдастырушылық қабілеті мол жан еді. Олай дейтініміз – Есей қария бала кезден-ақ еңбекке араласып, білім алып, ауылшаруа-шылық саласында жемісті еңбек етті. Ауылды көркейту, дамыту мақсатында ауыл колхозын, кейін ауыл әкімі қызметтерін адал атқарды. Өркеннің анасы Ғалия апай – ұстаздық қызмет атқарып, бала тәрбиесіне көңіл бөлген жан. Мектепте француз тілінен сабақ берді. Ғалия апайдан тәлім алған шәкірттер әрдайым ұстаздарын жылы лебізбен еске алады.22046434_144175122861087_8838569653620235711_n

Туған жерге туыңды тік

Спортты сүймейтін бала жоқ. Кішкентайынан асық ойнап, доп тепкен ауылдың қара домалақтарының ең үлкен арманы – спорт кешенінде жаттығу. Іскер азамат ауылдағы ағайынның арманын далада қалдырмай, олардың спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасап берді. Оның дәлелі – Есей Баймаханұлы атындағы спорт кешені. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай, қаңырап қалған ғимаратты жекеменшіктен сатып алып, өз қаржысы есебінен қыруар қаржы құйып, зәулім спорт сарайына айналдырды. Спорт кешеніне қажетті спорттық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етті. Қазіргі таңда аталған спорт кешені ауданның балансына беріліп, спорттың бокс, волейбол, баскет-бол және еркін күрес түрлерінен үйірме ашылып, жастар мен жасөс-пірімдердің спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдала-нуына да мүмкіндік жасап берді.

Спорт кешенінде 80 бала спорттың түр-түрімен жаттығып жүр. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының да бір мезет футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысуына да жағдай жасалған. Кешен ашылғалы бері мектеп спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерде жақсы нәтижелер көрсетіп, биік белестерге жетіп жүр.

Түлкібас жұрты айрықша құрметтеп айтатын тағы бір игілікті іс – Мәмбет ата мешітінің қайта жөндеуден өткізілгені. Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешіріп сұрап, тәубеге келетін қадірлі мекені. Мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғандай, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Өркен Есейұлы Машат ауылындағы Мәмбет ата мешітіне де демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шатырын жаңартып берді. Ескі мешіттің жаңарып қалғанына ауылдағы ағайын да дән риза.

Елдегі ағайынның басы ауырып, балтыры сыздаса баратын мекені – дәрігерлік амбулатория. Ауыл тұрғындары талай жыл ауыл мен аудан арасында шабылып жүрді. Қазір ауылдық дәрігерлік амбулаторияның өзінің жедел жәрдем автокөлігі бар. Оны сыйға тартқан да – біздің кейіпкеріміз. Одан бөлек, ауылға қажетті бала-бақша ғимаратының құрылысына да қаржы бөліп, ел игілігіне айнал-дырды. Балабақша салынған жер жекелеген адамдардың игілігінде болып, қараусыз жатқан еді. Жекеменшік жерді сатып алып, көркейтіп, көгалдандырып, күл-қоқыстан тазартып, елдің игілігіне айналдырды. Балабақша құрылысын салуда халық қалаулысының інісі Асылбек Кәрібаевтың да үлесі зор. «Інісі бардың тынысы бар» деген – осы. Өркен ағасына қамқорлық көрсетіп, балабақша құрылысының бітуіне қолғабыс тигізді. Бүгінде елу орындықты балабақша халыққа қызмет етуде. Машат ауылындағы «Әулие» бастауы да қоршауға алынып, басына белгі орнатылды.

Т.Рысқұлов, Түлкібас, Састөбе елдімекендеріне республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қосымша халық қалаулысының ықпалымен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде өзі сайланған өңірдің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал жасап отыр.

Артық ғылым – кітапта

Хакім Абай: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» депті Толстой. Құндылықтың кілті – кітапта. Әлішер Науаидың «Кітап – ақылына алтын сұрамайтын алтын қазына» деген тәмсілін біздің кейіпкеріміз де берік ұстанады. Оның дәлелі – ауыл кітапханасы. Өркен Есейұлы ауыл тұрғындарын көркем әдебиетке тарту мақсатында өз қаражатынан қаржы бөліп, кітапхана тұрғызды. Ол кітапханаға 3800 кітап қорын сыйлады. Артық ғылымның кітапта екенін сезінбесе, ауылдағы ағайынның, жас жеткіншектің көкірек көзі ояу болғанын қаламаса, осындай іс-әрекетке барар ма еді?! Максим Горькийдің «Егер мен байысам – тек қана кітап сатып алар едім» деген сөзі еске түседі. Кейіпкеріміз де бала кезінен осы қағидамен өмір сүріп келеді. Қазір ауыл кітапханасында кітап құшақтаған бала көрсеңіз, кейіпкеріміздің арманы орындалғаны.

Кейіпкеріміз марапаттан да кенде емес. Елге атқарған игілікті істері үшін, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, спорт саласына қосқан үлесі үшін Түлкібас ауданы әкімінің алғысхат-тарымен, Оңтүстік Қазақстан облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасымен, ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталған. Түлкібас ауданының Құрметті азаматы. Елбасының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл – кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дейді. Басқа қалаға көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпай, үнемі қамқорлығына алып жүретін азаматтарды да ел білуге тиіс. Өркен Есейұлы: «Еліме титтей де бір жақсылық жасасам, ол атымды шығарсам деген мақсаттан туындап отырған жоқ. Қолымнан келсе, елге шапағатымды тигізгім келеді. Ауылыма иненің жасуындай жақсылық етсем, ол анам мен әкемнің алдындағы балалық парызым. Абай атамыздың: «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?» деген аталы сөзі бар. Ата-анамыз өмір бойы туған жерде еңбек етіп, тер төкті. Біздің де мақсатымыз – елдің береке-бірлігін, ынтымағын сақтай оты-рып, үлкен-кішіге құрмет көрсету» дейді. Қандай жағдай болса да, замана қалай құбылса да, адамдық қасие-тінен айнымайтын, ел-жұртын ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүрген жандар көп. Соның бірі – Өркен Есейұлы. Хакім Абайдың: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген өлең жолы еске түскенде, ел үшін, ұрпақ үшін еңбек етіп жүрген осындай азаматтарымыз ойға оралары анық. Халық қалаулысының атқарар ісі алда. Әлі талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Туған жерден, яғни Түлкібас ауданы, Машат өңірінен спортта бағы жанған мықтылар топ жарып жатса, онда Өркен Есейұлының арманы орындалғаны.

Материалдарды «Айқын» газетінің тілшісі Гүлзина БЕКТАС дайындады

Сұхбат

PhotoRoom