Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "Асар" шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуге сол ауданда газдың өшіп қалуы себеп болды.
28 қазан күні "Асар" шағынауданының бір топ тұрғыны қала әкімдігінің ғимаратына жиналған болатын. Олар өздерінің табиғи газдарын ескертусіз өшіріп тастады деп, қайта қосуды талап етті. Шамданған тұрғындармен кездесуге қала әкімі шықты, ол өз қызметкерінің газ қосылып жатыр деген сөзін растап, жексенбі күні тұрғындармен кездесуге уәде берді.
29 қазан күні №89 мектепте Асар ш/а тұрғындары мен Шымкент әкімінің кездесуі өтті. Мұнда ашық әрі нақты әңгіме айтылды.
Алдымен газбен жабдықтау мекемесінің өкілдері тұрғындарға газдың өшу себебін түсіндірді. Бұған қоса тұрмыстық газ құралдарына техникалық қызмет көрсету келісім-шартын жасасуды сұрады. Анық болғаны, осы аудандағы тұрғындардың барлығы бірдей мұндай келісім жасаспаған. Қала әкімінің айтуынша, бұл жұмыстар бірер күнде аяқталады.
Мұнда электрмен жабдықтау мәселесі де маңызды. Шағынаудандағы үйлер автономды жылыту жүйесімен жабдықталған. Газ немесе электр жарығы болмаса, жылыту жүйесі іске қосылмайды. Кездесу барысында бұл ауданға электр желілері кезінде халықтың болашақтағы өсу қарқынын есепке алынбай тартылғаны анықталды. Ал қазір тұрғындар саны өскен сайын электр энергиясын қолдану көлемі де көбеюде, ал сол кездегі сымдар бұған шыдас бермейді. Енді осы мәселенің шешімі дүйсенбі күні қалалық әкімдікте өтетін жиналыс кезінде талқыланбақ.
"Асар" шағынауданы тұрғындарын мазалаған тағы бір мәселе – қоғамдық көлік. Шымкент қаласының әкімі таяу күндері қалаға жаңа 100 автобус келетінін хабарлады.
- Сіздер таяу күндері жолаушылар көлігі саласындағы оң өзгерістерді сезінетін боласыздар,- дедi әкім.
Тұрғындарды мазалағын төртінші мәселе – көпқабатты үйлердің аулаларындағы көлік тұрағының болмауы. Қала әкімі аппарат жетекшісіне заманауи көлік тұрақтарын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Кездесу қорытындысында қала әкімі тұрғындарға осындай нақты әрі ашық әңгімелесу үшін алғыс айтты.
– Болашақта сіздерде қандай бір мәселе туындай қалса, осы шағынауданның кураторына жолығатын болып келісейік. Ол кез келген мәселе туралы бізбен хабарласа алады. Біздің қаламыз көркейіп, сіздерді әкімдікке келуге мәжбүрлеген жағдай қайталанбайды деп сенемін, – деді сөз соңында Ғ. Әбдірахымов.