Шымкентте бірқатар салалар электронды форматқа көшірілуде

Аймақ
24.11.2017, 00:12

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған цифрлық жүйеге көшу туралы тапсырмасына орай, әкімдік жанынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, қызметтерді электронды форматқа көшіру туралы нақты  ұсыныстар енгізді.

Электронды форматқа көшіру бойынша келесі салаларда жұмыс жүргізілуде.

Атап айтар болсақ, тұрғын үй қатынастары саласында азаматтарға пәтерлерді бөлу және пәтер қабатын бекіту үшін республикада алғаш рет электронды бағдарлама әзірленуде, жыл соңына дейін қолданысқа енгізіледі. Нәтижесінде, азаматтарға пәтер беру жүйесі автоматтандырылып, өтінім беруші мен қызмет көрсетуші арасындағы адами факторларды болдырмайды және сыбайластық жемқорлықтың алдын алады.2767192

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында жылу маусымына дайындық және өткізу жұмыстарын электронды жүйеге ауыстыру көзделген. Яғни, нысандардың жылу маусымына дайындығы, құбырлардың жағдайы электронды базаға енгізіледі. Нәтижесінде, жылу маусымында апаттарды болдырмаудың алдын ала шаралары қабылданады және сапалы жылу беруге ықпалын тигізеді.

Құрылыс саласында нысандар мен автокөлік жолдары құрылыстарын жоспарлау және атқарудың электронды жүйесі енгізіледі. Жүйе арқылы нысан құрылысына мемлекеттік сатып алудан пайдалануға берілгенге дейінгі жұмыстар қадағаланады. Бұл әр нысан бойынша обьективті ақпараттар негізінде қаржылардың уақытылы игерілуін, құрылысын сапасын қадағалауға мүмкіндік береді.

Жер қатынастары саласында жер учаскелерін бөлу, нысаналы мақсатын өзгерту жұмыстарын реттеу үшін арнайы электронды бағдарлама енгізілді. Яғни, қаралатын құжаттар толығымен электронды жүйеге енгізіліп, уақытты үнемдеу үшін бір мезетте барлық уәкілетті органдардың қарауына жолданады. Нәтижесінде, құжаттар қарау мерзімі 2 айдан 20 күнге дейін қысқартылды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселе - субсидия беруді электронды жүйеге көшіру жоспарлануда. Яғни, субсидия берудің барлық процесстері (өтінім беру, өтінімдерді қарау және шешім қабылдау) электронды жүйеге ауысатын болады және толық мәліметтер ашық интернет порталына орналастырылады. Нәтижесінде, адами факторлар жойылады, сыбайлас жемқорлықдың алдын алады және ашықтық қамтамасыз етіліп, кез-келген азамат кімге, қанша мөлшерде және қандай негізде субсидия берілгенін интернет арқылы біле алады.

Сәулет және қалақұрылысы саласында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың интерактивті картасы әзірленуде. Бұл картада қаланың бекітілген бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және жылжымайтын мүліктердің мекенжайлары, қалақұрылыстық регламентеріне сай мәліметтерді орналастырылып, кез келген азамат интернет арқылы алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қаланың   3D форматындағы картасы әзірленуде. Осы уақытқа дейін ақылы негізде беріліп келген  инфрақұрылым жүйелері туралы мәліметтерді онлайн режимде ақысыз алуға мүмкіндік береді.

Сондақ-ақ, қалада өзекті мәселелердің бірі -  заңсыз құрылыс. Бүгінде қала аумағы 117,0 мың га-ны құрайды. Бұл аумаққа толығымен бақылау жүргізу мүмкін емес. Осыған орай, жүйелі жұмыстар жүргізу үшін космотүсірілім жасайтын бағдарлама орнатылуда. Нәтижесінде, қаладағы заңсыз құрылысы жүріп жатқан нысандарды анықтап, дер кезінде тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.

Қоғамдық көліктің бағытын және қатынау уақытын қадағалау мақсатында, барлығы 1 144 қоғамдық көліктің 1 006-іне немесе 88%-на GPS жүйесі орнатылды. Жыл соңына дейін аялдамаларда арнайы экрандар орнатылып, жолаушылар өзіне қажетті бағыттың қанша уақытта келетіні және басқа да ақпараттарды осы экран біле алады. Сонымен қатар, ұқсас ақпараттар енгізілген мобильдік қосымшалар жұмыс жасайтын болады. Нәтижесінде, жолаушылар өздеріне тиімді бағыттар бойынша алдын-ала қажетті ақпараттар алады.

Жұмыспен қамту саласында қалада бір терезе қағидасы бойынша «Жұмыспен қамту орталығы» жұмыс жасайды. Орталықта «Мобильдік қосымша» жұмыс істеуде. «Мобильдік қосымшаның» ерекшелігі әкімшілік кедергісіз, орталыққа келмей-ақ, әр-бір қолданушыға өзінде бар бос жұмыс орындарын енгізуге және жұмыс іздеушілерге жұмыс орындарын тез арада табуға мүмкіндіктер береді.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласында әкімдік арқылы көрсетілетін қызмет түрлері қала әкімдігі жанынан ашылған «Фронт офиске» топтастырылды. Бұл жерде «бір терезе» қағидаты бойынша құжаттар қабылданып, жеке номер беріледі. Бұл номер арқылы тұрғын өтініштің қаралу барысы туралы интернет арқылы кез-келген жерде онлайн түрде бақылай алады. Сонымен қатар, қалалық әкімдік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаның 1 кезеңін іске асыру нәтижесінде түскен өтініштердің орындалу барысын интернет жүйесі арқылы бақылау мүмкіндігі пайда болды. Екінші кезеңде, азаматтар қызмет түрін цифрлық қолтаңба арқылы алып, қажеттілігіне қарай кез-келген жерден және түрлі уақытта электронды архивте сақталған құжатты алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде, қағаз түріндегі құжат айналымын 20-30 мыңға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қала әкімдігінде «Халықтық бақылау» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы азаматтар қаланың түрлі кемшіліктері туралы фото суреттер мен орналасқан жері туралы ақпаратты жолдап, олардың орындалуын қадағалап отырады.

Аталып өткен барлық қызметтердің орындалуын талдау, үйлестіру және одан әрі жетілдіру мақсатында әкімдік жанынан Ахуал орталығын құру жоспарлануда (Ситуационный центр).

 

Сұхбат

PhotoRoom