Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте биыл жыл соңына дейін бес мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғындарға берілетін 76 көпқабатты үйдің жалпы аумағы – 302 мың шаршы метр. Ал жалпы шаһарда 201 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасымен облыста 231 нысанды салу жоспарланған болатын. Биыл соның 115-ін ел игілігіне толығымен беру межеленіп отыр. Тарқатып айтсам, жыл басынан бері 115 көпқабатты тұрғын үйдің 61-і пайдалануға берілген. Қалған 54 нысан жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. Ал Шымкентте 5 мыңнан астам отбасы енді өз пәтеріне қол жеткізеді. Бес мың баспана 76 көпқабатты үйде орналасады. Келер жылы Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасымен «Бозарық», «Бозарық 2» деген атаумен жаңа екі мөлтекаудан бой көтеруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, қазір бұл пилоттық жоба ретінде қарастырылуда. Онда архитектуралық сипаты біркелкі үйлер, яғни екіқабатты таунхаустар салынады. Ал Шымкент Сити қалашығында 31 көпқабатты нысан бой көтеруде. Мұнда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толығымен жүргізілген.