Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Сайрам ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде несие алған жеке кәсіпкер Улугбек Ирсалиевтің шаруашылығына атбасын бұрды. Мал шаруашылығын дамытуды мақсат тұтқан кәсіпкер таяуда «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы 5 млн теңге несие алыпты. Ол қаржыға отыз төрт бас мал сатып алып, бордақылапты. Бүгінде оның қорасында жиырма бас ірі қара мал бар. Небәрі он төрт соттық үй іргелік жер телімін тиімді пайдаланып отырған кәсіпкерді жұмысына разы болған әкім облыстың өзге тұрғындарына үй іргелік кәсіптің тиімділігін үйренуге шақырды.«Қандай керемет. Үйіңіздің ауласы тар болса да, тап-тұйнақтай. Кішкентай ғана аулада бау өсіріп, мал бордақылап табыс тауып отырсыздар. Сондықтан облыстың өзге тұрғындарын осындай ұсақ шаруашылықтарды ертерек меңгеруге шақырамын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.Өңір басшысының назарынан «Өрлеу» жобасы аясында 312 мың теңге көлемінде демеу қаржы алған кәсіпкер Нұржан Балабековтің тігін цехы да тыс қалған жоқ. Бұл қаржыға ол тігін машинасы мен жіп құралдарын сатып алыпты. Мұнда қазір қыз жасауына аса қажетті оюлы көрпе-төсек жабдықтары әзірленуде.