Шымкентте биогаз жағып, одан сағатына 500 киловатт электр энергиясын өндіретін қондырғы іске қосылды. Биогаз қаланың шайынды суының сүзілген шөгіндісінен алынады. Бұл қондырғы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан жоба ретінде ұсынылып, көрсетілген болатын. Қондырғылар кешені – «ЭКСПО» көрмесінде ұсынылған чехиялық компанияның жаңа технологиясы. Қондырғы қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 текше метр метан газын өндіреді. Оны жағып, өндірілетін қуаттың жартысын қалаға ауызсу тарататын компания өзі тұтынатын болады. Ал қалғаны қалаға беріледі. Бұл жобаның екі бірдей тиімділігі бар. Біріншіден, қоршаған орта енді бұрынғыдай ластанбайтын болады. Екіншіден, жасыл экономика жүзеге асырылып жатыр.
Анарбек Орман, жоба жетекшісі: - Әлі де болса атқарылатын жұмыс көп. Екінші кезеңі бар. Сағатына 200-300 киловатт қосымша электр энергиясын аламыз ба деген жоспар бар.