Шымкент қаласында осыдан үш жыл бұрын Қаратау атты жаңа аудан құрылған болатын. Жер көлемі 32 256 гектар аумақта 17 шағынаудан, 13 тұрғын алап орналасқан. Аудан халқының саны қазір шамамен 218 мыңға жетті.
Қаратау ауданындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында арнайы іс-шара жоспары бекітілді. 99 тармақтан тұратын іс-шаралық жоспарда халыққа ең қажетті – су, газ, сапалы электр жарығы болды. 2019-2020 жылдарға жоспарланған ауыз сумен қамту жұмыстарының жобасы қала әкімдігінің қолдауымен 2018 жылға жақындады. Аудан әкімдігінің бастамасымен жеке кәсіпкер тарапынан «Асар-2» шағынауданындағы 130 тұрғын үйге ауызсу тартылды. Ал «Мәртөбе» тұрғын алабының ескі құбырлары «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС-і жоспарға сәйкес жаңартылды. Ағымдағы жылы «Сайрам» тұрғын алабы мен «Тұран» шағынауданына су құбырын тарту жұмыстары басталып кетті. Ал бірқатар елдімекенде ауызсу құбырларын тарту құрылысы келесі жылы басталады. Қазір бюджеттен қаражат қаралып, ЖСҚ әзірленуде.
Сонымен қатар, биыл «Бозарық» саяжайын табиғи газбен қамтуға 727 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тағы 5 елдімекенді сұйық отынмен қамту барысында ЖСҚ әзірленуде. Атап айтқанда, «Асар-2», «Тассай, «Тұран», «Достық» шағынауданында бұл жұмыстар келесі жылдың соңына дейін нәтижесін беруі тиіс.