Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан индустриалды аймақтарда жылдың соңына дейін жалпы сомасы 7,7 млрд. теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде 413 жұмыс орны ашылады. Осылайша 2017 жылдың аяғына дейін барлық индустриалы аймақтарда іске асқан жобалардың саны 80 жобаны құрайтын болады. Бұл жөнінде ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Оңтүстік» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясының директоры Нүркен Бегулиев мәлім етті.
«Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан индустриалды аймақтарда жалпы құны 155,2 млрд. теңгені құрайтын 169 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Аталған 169 инвестициалық жобаның ішінде құны 34,8 млрд. теңгені құрайтын, 4 мың жұмыс орынымен 68 жоба іске қосылған. Ал осы жылы жалпы сомасы 7,7 млрд. теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде 413 жұмыс орны ашылады. Осылайша 2017 жылдың аяғына дейін барлық индустриалы аймақтарда іске асқан жобалардың саны 80 жобаны құрайтын болады»,-деді дирекция басшысы.
Сондай-ақ, спикер 2018 жылы жалпы сомасы 38,6 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске қосып, 1 487 жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын баяндады. Осылайша, келер жылдың соңына қарай 6 307 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.