АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ НЕЛІКТЕН ЖҰМЫС КАРТАСЫН ТАЛАП ЕТІП ОТЫР?...

Әлеумет
30.09.2018, 10:44

 

«Жұмыс картасы жүйелі жасалғанда ғана өз нәтижесін береді». Осындай ұстанымдағы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде облысты басқару ісінде жұмыс картасына ерекше мән беріп отыр. Себебі, бұл өңірде Елбасы жариялаған «Бизнестің Жол Картасы 2020» бағдарламасы аясындағы жобалардың ішінде аймақтарды саты-сатымен дамытуда жұмыс картасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.

Облыс басшысы Жамбыл аумағында әлеуметтік нысандарға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін жиі еске салып әрі оның орнын толтыруды жіті қадағалап отыр. Айталық, апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу, елді мекендерде тұрғындарға бастапқы медициналық көмек көрсететін пунктер салу – кезек күттірмейтін мәселе. Өзектілігі соншалықты облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл түйткілдің түйінін тарқатудың тиімді жолын іздеп, 3 жылда шешу үшін жұмыс картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Өңір басшысы жиындарда білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларының алдағы үш жылға жоспарланған жұмыс картасы талқылап отырады.

 

Соның арқасында жүйесін тапқан жоспарлы жұмыс өз нәтижесін беруде. Мәселен, облыстағы үш ауысымды мектептер жайы келесі жылы толықтай шешімін табады деп күтіліп отыр. Жамбыл облысында жаңадан бой көтерген 14 нысанның 9-ы Білім күні қарсаңында пайдалануға берілгені белгілі. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтуынша, қалған бесеуінің құрылысы келер жылы аяқталады екен. Осылайша биыл жаңа ғимараттардың есебінен апатты жағдайдағы 7 мектептің үшеуінің мәселесі шешіліп отыр. Келер жылы біреуінің құрылысы аяқталмақ. Тағы үшеуі шешімін күтуде.

Дерекке сүйенсек, облыста 61 мектеп саманнан соғылған. Оның он бірінің бүгінгі күні тозығы жеткендіктен, апатты мектеп деп танылуы әбден мүмкін екен. Ал екеуінің апатты деп танылғандығы туралы құжаттары әзір. Асқар Исабекұлы бұл мәселеге қатысты, қалған 59-ына терең талдау жасап, өзге де мәселелерді шешудің жолдарын нұсқап, нақты жоспар құру керектігін қадап айтты.

– Бюджет есебінен қыруар қаржыға жаңа мектеп салатын болсақ, бұл мәселелерді шеше алмаймыз. Тараз қаласындағы кәсіпкерлердің сатам деген ғимараттарына зерделеу жүргізу қажет. Бір ғимарат талапқа сай келмеуі мүмкін, бірақ қасына қосымша жапсарлас құрылыс жүргізу арқылы оны мектепке ыңғайластыруға болады. Ол бізге әлдеқайда арзанға түседі. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ. Біздің жұмыс картасын жасаудағы мақсатымыздың өзі осы, бюджеттің қаржысын барынша үнемдеп, мәселені созбай осылай тездетіп шешу керек, – деді облыс әкімі.

Осылайша өңір басшысы тиісті мамандарға қаладағы сатылатын ғимараттардың саны қанша, қазіргі жағдайы қандай, құны қаншаға бағаланып отырғанына нақты талдау жүргізуді тапсырды.

Жалпы, қазіргі кезде облыстағы 450 мектепте 214 мың оқушы білім алуда. Өткен жылдармен салыстырғанда оқушы саны 3,4 пайызға артқанын ескерсек, білім мекемелеріне деген қажеттіліктің артып отырғанын байқауға болады.

Өңірдің денсаулық сақтау саласында да осындай түйткілдер баршылық. Басқарма басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, бүгінгі күні 95 елді мекенде алғашқы медициналық көмек көрсететін ғимараттар жоқ екен. Соның салдарынан тұрғындар көрші ауылдарға барып, медициналық көмек алуға мәжбүр болып отырған көрінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жоспарға сай биыл бұл бағытта – 30, келесі жылы 22 нысанды пайдалануға беру көзделуде.

– Облыс бюджетін қараған кезде бірінші кезек күттірмес түйткілдерді анықтап алуымыз керек. Соның бірі – денсаулық саласы. Қазіргі кезде 95 елді мекенде алғашқы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасай алмай отырмыз. Науқастанып қалған жұрт қайда барады. Өзі сырқат жанның осындайда басқа елді мекенге сабылып жүргені дұрыс па? Бұны жедел шешу қажет. Сол үшін келесі жылға кем дегенде 40-45 нысанды пайдалануға беруге тиістіміз, – дей келе, Асқар Исабекұлы емдеу мекемелерінің тапшылығын ертерек жою үшін қажетті 95 медициналық нысан мәселесін ұзатпай 2020 жылға дейін толығымен шешуді тапсырды.

Сала басшысы қазіргі кезде өңірімізде сенімгерлікке басқаруға берілген емханалар бар екенін де айтты. Емдеу мекемелерін сенімгерлік басқаруға алған тұлғалармен жасасқан келісімшартта олардың қаланың бас жоспарына сай дәрігерлік-амбулаториялар салуы тиіс екендігі айқын көрсетілген екен.

– Бұл мәселені де біз нақтылап, жүйесін табуымыз керек. Сенімгерлік басқаруға бергеннен кейін тек 5 және 7 жыл деп, мерзімін белгілеп қана қоймай, әр жылда не істеу керектігін нақты көрсетуіміз шарт. Сол үшін сенімгерлік келісімшарттарды қайта қарауымыз қажет. Оған өзгерістер енгізілуі тиіс. Әр жылда атқарылатын жұмыстың көлемін, құнын көрсеткеніміз жөн, – деді облыс әкімі.

Бұған қоса Асқар Исабекұлы қажеттілік туындап отырған мәдениет, спорт нысандарын салу үшін нақты жоспар жасау қажет екендігіне де аса мән беруде. Ауылдағы клубтарды ауыл әкімдері есеп беретін кезде жылына бір рет қана пайдаланбай, халыққа қызмет көрсететін орталыққа айналдыруды тапсырды.

– Барлық салаға жан-жақты енгізіліп жатқан ақпараттық технологияларды тұрғындар пайдалана білуі тиіс. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі мәні осында. Сол үшін елді мекендегі мәдениет ошағында жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйрететін арнайы бөлмелер ашылу қажет. Мәдениет нысаны ауылдағы халыққа қызмет көрсететін орталыққа айналуы керек. Ауыл тұрғындары облыстағы, аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ауданға немесе облыс орталығына барып қана пайдалана алады. Жаңадан бой көтеретін клубтың күнделікті жұмыс істейтін бағыты – халыққа қызмет көрсету болуы тиіс. Ауыл тұрғындарына керек мәліметтер бірінші кезекте осы жерден берілгені жөн, – деген өңір басшысы тиісті сала мамандарына сылбырлыққа жол бермеу керектігін ескертіп. Облыс әкімі аймақтағы әлеуметтік мәселелерге қатысты осындай нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыс картасын мейлінші тиімді құрып және тиімді пайдалануды тапсырды.

Сұхбат

PhotoRoom