ЕЛЕН ӘЛІМЖАН: ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ АБАЙДА ЖАТЫР

Сұхбат
01.10.2018, 23:11

 

САЙГЕЗ-дің бүгінгі сұхбатшы қонағы - жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан мырза

 Елен аға, Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласы сөз жоқ, жұрттың күре тамырын дөп басты. Ел ішінде жүрсіз, сіздіңше халық осыны енді қаншалықты ары қарай сіңіріп алып кетеді?

- Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының негізгі көздеген мақсаты – адамды прагматизмге үндеу. Ол патриот бол, Отаныңды сүй, туған жеріңді сүй дей отырып, сол патриотты прагматик болуға шақырады. Алайда, осы прагматикке жетуде біз, қазақ енжарлаумыз. Осы енжарлықтан құтқаратын бір жол бар деп ойлаймын, ол – Абай көрсетіп кеткен сара жолға ден қойсақ, одан бергі Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатовтан алсақ керекті. Ал, жалпы прагматизмді бірден қабылдай алмауымыздың өзіндік тарихи себептері бар. Ең алдымен, отырықшы халық қана прагматик бола алады. Біздің отырықшылық тәжірибеміз аз. Жан-жағымыз толған байлық. Сондықтан да аса тырманып, жанталаспаймыз, шала құрсақ болсақ та жүре береміз, қолымыздағы барға қанағат деп отыра береміз. Және бір себебі, шынайы дамыған өркениетті көрген жоқ негізгі халық... Ал, адамның санасына сілкініс беретін фактор, ол – тарихи жағдайлар ғой. Кешегі ашаршылықты да, соғысты да көрген халықпыз, алайда соның өзі соншалықты әсер ете қоймады. Себебі бізде құлдық психология басым ғой, әлі де. Күні бүгінге дейін өз бастамамызбен жұмыс істемейміз. Ал, Елбасымыз Н. Назарбаев айтып отырған қазіргі принцип – өзің ойлан, өзің қандай кәсіп істейсің, өзіңде қандай қабілет бар, соған сай талаптан, соған  орай үкімет тарапынан көмек –  қалаған кәсіпке оқытылып, тегін оқытылып, ақыл-кеңес, бағыт беріледі, кәсіпке жоба жасауды да үйретеді, сонымен қатар қажет болса ары қарай қаржылай қолдап, кәсіп ашқан адамға оның мүмкіндігіне қарай несие алуға көмектеседі. Соның өзіне біз енжармыз. Бірақ, бюрократтық кедергілер де жоқ емес. Ертең кел, басқа күні кел деп сабылтып, ана құжат, мына құжат деп екі ортада сандалтып, ақыры сөйтіп жобасын өткізе алмай тауы шағылғандар да болады екен. Тағы бір түйіні шешілмей тұрған жайт– ол, жоғары оқу бітірген маманның жұмысқа орналасуына қолдау жасайтын механизмнің жеткіліксіздігі. Біз ел ішінде жүргенде осыны көп айтады. Ел дейміз, елдің өзінде де бар. 16-20 миллиондық жобаға кепілдік қоюға қарапайым ауыл тұрғының шамасы жетпейді, ал, бірнешеу болып бірігуге қазақтың басы тағы қосылмайды, ақыры банкпен келісу қиынға соғып жатады.

 

 Елбасы аталмыш мақаласында ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды дегенді ерекше айтып өтті. Ұлттық кодымызды жаңғырытып қана қоймай, оны сақтау үшін қазір не істеуіміз керек?

- КСРО сияқты алып империя ыдырағаннан соң, олардан қайта жеке-жеке құрылған Қазақстан сияқты тәуелсіз мемлекеттер таңдайтын жол 4-еу-ақ екен. Оның біріншісі өткеніне қайта оралу, екіншісі өткенінен жеріп, жаттың жақсысына ұмтылу, үшіншісі шекарасын тарс бекітіп алып, өз қазанында өзі қайнау және төртіншісі өткенін базис етіп алып, оны жаттардың жақсы жақтарымен дамытып, байытып, өзінікімен ары қарай даму, түлеу, жаңғыру жолын ұстану. Міне, біздікі осы төртінші жол. Бірақ бізде қалай болып жатыр? Бірде базисіміздің қазығы босаңқырағаны байқалып қалады, біресе жаттан алған осы екен деп асыра сілтеушілік кетіп жатады, соның салдарынан ұлттық кодымызды сақтай отырып түлеуде жоғары-төменді ауытқушылық болып жатады. Ал, жалпы, бүтіндей алған кезде ұлы көшімізді тура жолға қарай бастап келеміз. Мен осы жерде айта кеткім келетіні, ұлттық кодты жаңғыртуға туризммен не басқа артық шоу шаралармен ғана қол жеткізе алмаймыз. Мәселе – сананы жаңғыртуда. Ал, сананы кітап оқу арқылы ғана жаңғырту керек. Қазақ жерінде өте жағымды ұлттық аура бар. Біз ешкімді теппейміз. Қазақтың бойындағы кісілік кешегі 90-шы жылдардан аман алып шықты. Әйтсе де, адамгершілік қасиетпен бірге бізге еңбекқорлық қасиет керек-ақ. Оны Абайдан асып ешкім айта алмайды...Жолдауда айтылып отырған прагматизмнің негізгі тірегі еңбекқорлық қасиетке ие бола білуде жатыр. Мысалы, немістер 1945-те соғыста түк қалмай жеңілді, бірақ 25-30 жылда қайтадан әлемнің мықты елдерінің қатарына қосылды. Неге? Себебі «неміс машинасы» деген ұғыммен, нақты, шынайы, еңбек етті олар аянбай. Жапондар да солай. Немістің одақтасы боламын деп атом бомбасының астында қалды, алайда олар да 20-25 жылда қайта дамып шыға келді. Екеуінің де генінде еңбекқорлық қасиет басым. Мінекей, бізге де тілмен, дінмен, ұстаныммен бірге еңбекқорлық қасиетті жетілдіру керек.

Н. Назарбаев «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді. Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

  Президентіміз ұлттық бірегейлікті сақтау жөнінде айта келіп, «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді деді. Ойыңызды түйіндеп берсеңіз

- Түріктер, өзбектер бізден әлдеқайда бұрын отырықшыланған көшпелілер. Отырықшыландық деп, олар өздерінің ұлттық болмысынан айырылып қалған жоқ. Бірақ жақсы жағына қарай өзгерді. Біз де солай болуымыз керек. Отырықшылықтың дамыған механизмін мықтап ендіру керек, міне, бұл ұлттық санадан ескіліктің немесе кертартпа салт-сананы тазартудың бірден-бір әдісі. Кесек айтсақ, сананы жаңғыруды ұлттық мүддемен тығыз байланыстыру абзал.

Саналы, елдің ертеңін ойлаған азаматтар жершілдік мүддеден елдік, ұлттық мүддені жоғары қойып жұмыс істеуі керек. Кезінде 1917 жылдың алды-артында оқыған, сауатты азаматтар, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхандар ұлттық мүддені жоғары қойды ғой, болды ғой бізде асыл азаматтар... Коммунист Тұрар Рысқұлов Оралда сүзек ауруына шалдыққанда, алашаордашыл Жанша Досмұхамедов көптеген қиындықтарға қарамастан бір қазақтың азаматы деп үйіне әкеліп, емдетіп, қайта қызметіне Тәшкентке жеткізіп салыпты. Мұны айтып отырғаным,сол кезде Жанша бәрінен ұлттық мүддені жоғары қойған.

Ал, жершілдікке бөліну деген ұлттық санасы төмен, қара басынының қамын ғана ойлайтындардың әрекеті. Мектеп қабырғасынан туған жер тәжірибесін білген бала, ертең мемлекеттік масштабтағы мәселелерді шешуде өмірлік тәжірибесін қолданатын болады. Жерін, елін мақтан тұту, туған елін, өлкесін тану, сүю өте керек. Кез-келген адам туған жерін жақсы таныса, туған елін ғана емес, әлемді жақсы саралай алатын, таным-түсінігі мол азамат болып қалыптасады.

Бүгінгі қоғамымызда ұлттық идея қаншалықты өзінің оң нәтижелерін көрсетіп жатыр? Оны шығармашылығыңызға арқау етесіз бе? 

Ұлттық идея ол – өте күрделі ұғым. Оны біреулер ұлттық идея десе, бұл – тек қазақтың ғана мүддесін қорғайды, басқаға жау идея деп түсінеді. Шолақ ойлайды. Ол дұрыс емес. Кез келген мемлекеттің ұлттық идеясы деген ол, сол мемлекеттің басты шамшырағы. Оны алдымен елдің қауіпсіздігі, мемлекет алдындағы мәселелерді шешудің басты құралы деп түсіну керек. Осы тұрғыдан алғанда бізде ұлттық идея толықтай әлі жасалған жоқ. Елбасымыз айтқан Мәңгілік ел идеясының өзін халық жете түсінбей жатыр. Мәңгілік ел болмайды деп таяз ой-пікір білдірушілер де аз емес. Құлтегін заманының идеясы қазіргі заманға жарамайды дегендер де бар... Алдымен Мәңгілік ел идеясының түбірін қазіргі халықтың болмысымен байланыстырып, біріктіретін идеяны жасау керек. Себебі іште де, сыртта да халықты біріктіретін емес, керісінше ыдырататын күштер көп. Өйткені олардың барлығының басты идеясы – жер бетіндегі байлықты қайта бөлісіп, көбірек қармап қалу. Міне, соған қарсы күресетін не бар? Соған қарсы тұра алатын осы ұлттық идея, яғни, адамның дамуы, әрбір отбасының, әрбір азаматтың дамуы, кемелденуі. Меніңше, оның түпқазығы Абайда жатыр. Біз Абайдың толық адам туралы ілімін ұлттық идея етіп көтерсек, ол басқа ұлттарға, діншілдерге де, ұлтшылдарға, интернационалистерге де жат емес. Себебі Абай: әділеттілікті, адамзатты сүюге шақырады. Әділетті, мейірімді әрі ақылды болуға үндейді. Осының бәрін бойына жинақтаған адам кемелденеді. Абайдың зерттеулері әрине тамыры тереңде, ендеше ұлттық идея болуға әбден лайық деп ойлаймын.

Бір ғана мысал айтайыншы. Меркінің төбесіндегі Сандық және Шу бойындағы Жайсан деген жайлауларда ескерткіш балбалтастар бар. Олар қосарланып, екеуден тұр. Ерлер мен әйелдер. Керемет үйлесім, қарасаңыз.  Әйелдер тостаған ұсынып тұр. Ол молшылықтың ғана емес, қонақжайлылықтың та белгісі. Қазақ халқы күні бүгінге дейін қонақжай ғой. Әйелдердің кейбірі құс ұшырып тұрса, кейбірі гүл ұсынған. Ерлердің белінде қанжар бар. Ескерткіштер жерімізге ислам келмей тұрған заманнан сақталған. Балбалтастардың түптөркінінде отбасы үйлесімі, Отан тыныштығы, Жаратылыс яки,  аспан (Ата) пен жер (Ана) үйлесімі, халықтың болмысының үйлесімі, бейбітшілік жатыр. Біз бейбіт халықпыз, бізге бейбітшілікпен кел, егер жауласуға келсең, қанжарымыз дайын деген нағыз ұлттық идея. Шіркін, осы ескерткіштерді Елорданың төріне апарып қойса, шеттен келген де, өз азаматтарымыз да нағыз ұлттық идеяны көрер еді...

Өз шығармамда әсіресе, тәуелсіз ел болғанымызда қазақты сынап та, сипай қамшылап та, өткірлеп те комедяларым мен басқа драматургиялық шығармаларыма арқау еттім. Таққа таласатындығымызды да, доллар қуып кететінімізді де айттым. Комедиямнан соң шығармаларымда жақсы қасиеттерімізді өткеннен іздедім. Бауыржан Момышұлы, Абылайхан, Төле билердің басынан өткендерін саралап, бүгінгіге үлгі боларлық дүниелерді іздедім, қайраткерлікке шақыратын публицистикаға да біраз қалам тарттым. Жуықта бүгінгі қоғамдағы таным-түсінігімді шындықтың қаны тамып тұрған «Анажар» деген романға құюға тырыстым. Оны «Жұлдыз» журналынан немесе «Әдебиет» сайтынан оқуға болады. Ал 29 қазан күні Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Әйелдер бір істі бастады...» атты комедиямның премьерасы ойналады.

Әңгімеңізге рахмет, Сіздің де ұлт мүддесі жолындағы еңбегіңіз жана берсін!

 

САЙГЕЗ- СҰХБАТ

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom