Түркістан облысындағы тарихи орындар Туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне енді. Бұл туралы бүгін Түркістанда өтіп жатқан халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Владимир Пискуревтің сөзінше, Туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелері, сондай-ақ көне Отырар қалашығы енді. «Тізімге қандай да бір нысанды қосу туралы ұсыныс түскенде, ең алдымен, туристердің пікірі ескеріледі. Біз де мыңдаған адамның арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде, комитеттегі мемлекеттердің барлығы осы үш нысанды қолдап, дауыс берді. Бұған дейін бұл тізімге Қазақстанның 19 нысан кірген болатын. Сондай-ақ, алдағы уақытта тізімге қазақтың ұлттық аспабы - домбыра енгізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ қылует жерасты мешіті мен Қаратау қорығы, Үкаш ата кесенесін енгізу жоспарланып отыр»,- деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан қаласында «Көне Түркістан - жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум өтіп жатыр. Шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан және бірқатар Еуропа елдерінің өкілдері қатысуда. Форум аясында, сондай-ақ В2В форматындағы кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен шетел компаниялары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылмақ. Облыстың туристік, экономикалық әлеуетін көтеру, кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында нақты жобалар ұсынылып, шетелдік инвесторлармен келісім жасалмақ. Сонымен бірге «Туризм индустриясы - Қазақстан экономикасының жаңа драйвері», «Солтүстік-Оңтүстік экономикалық дәлізі» тақырыптарында және агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы адам капиталының рөлі жөнінде пікір алмасулар өтетіні күтілуде.
Дереккөзі: Қазақпарат