Ұлытау облысында «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және ұлы дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті

Рейтинг
28.10.2025, 20:17
Ұлытау облысында «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және ұлы дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті

2025 жылдың 27–29 қыркүйек күндері Жезқазған қаласында Ұлытау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және ұлы дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өткізілді. Бұл шара Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен келген жетекші ғалымдар мен тарихшы-ғалымдарды бір арнаға тоғыстырды. Конференция барысында Жошы хан тұлғасы, Алтын Орда дәуірінің тарихи және мәдени мұрасы, түркі халықтарының ортақ эпикалық дәстүрлері, сондай-ақ олардың қазіргі ғылым мен мәдениет саласындағы рөлі жан-жақты талқыланды.

Конференцияның ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Д.А. Рыспеков, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті А.Р. Райымқұлова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары М.А. Арғынбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ашылу рәсімінде аймақ басшысы конференцияның өңірдің мәдени өміріндегі, сондай-ақ жалпы түркі әлеміндегі маңыздылығын атап өтті. Ол конференцияның тарихи білімді насихаттау, жастардың ғылыми қызығушылығын арттыру және өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін көтеруге ерекше үлес қосатынын жеткізді.

Ғылыми шара барысында қатысушылар әр түрлі тақырыптар бойынша баяндамалар жасады. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология орталығының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Ақан «Алтын Орда: тарих және фольклор» тақырыбында, Тоғжан Әкімова «Алтын Орда және «Ер Тарғын» жырының тарихи негіздері», Нәзира Сәрсек «Едіге жыры – түркі халқына ортақ жәдігер» атты баяндамаларын ұсынды. Ғалымдар тарихи оқиғалар мен тұлғалардың фольклордағы көріністерін жан-жақты талдап, тарих пен ауыз әдебиеті арасындағы сабақтастыққа ерекше мән берді. Сондай-ақ, баяндамаларда Алтын Орда дәуіріндегі саяси құрылым, экономикалық қатынастар, сауда жолдары және мәдени ықпал мәселелері де қамтылды.

Конференцияның екінші және үшінші күндерінде қонақтар Ұлытау өңірінің тарихи және мәдени ескерткіштерін аралап көрді. Олар Жошы хан тарихи-мәдени кешені, Хан ордасы, Жошы хан мен Алаша хан кесенелері, Домбауыл қорымын аралап, өңірдің бай тарихымен танысты. Бұл сапарлар қатысушыларға Ұлытау жерінің тарихи құндылықтарын тереңірек зерттеуге, Алтын Орда дәуіріндегі мәдени және саяси мұраны зерделеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, халықаралық қатысушылар өңірдегі археологиялық ескерткіштерді зерттеу, тарихи деректерді жинақтау, ғылыми мақалалар мен зерттеулерге материалдар жинау мүмкіндігіне ие болды.

Конференция барысында жас ғалымдар мен студенттерге арналған арнайы сессиялар өткізілді. Онда жастар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырып, тәжірибелі ғалымдардан кері байланыс алды. Бұл шара ғылыми білім алмасу мен тәжірибе жинақтаудың тиімді алаңына айналды. Сонымен қатар, конференция қатысушыларға халықаралық ғылыми ынтымақтастық орнатуға, ортақ жобалар мен ғылыми бағдарламаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер берді.

Осы халықаралық конференцияның өткізілуі Алтын Орда дәуірінің тарихын жаңаша зерттеуге, Жошы хан мұрасы мен ұлы дала өркениетінің тарихи құндылықтарын ғылыми тұрғыда насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл шара Ұлытау облысының тарихи-мәдени орталық ретіндегі маңыздылығын арттырып, өңірді ғылыми туризм бағытында дамытуға серпін берді. Сонымен қатар, конференция түркі халықтарының ортақ мәдени және тарихи байланыстарын тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми қызығушылығын арттырды.

Конференция соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісімдер жасалды. Ұлытау облысы алдағы уақытта да осындай халықаралық ғылыми жобаларды тұрақты түрде өткізіп, өңірдің тарихын, мәдениетін және ұлы дала өркениетін әлемге танытуды жалғастырады.

Сұхбат

PhotoRoom