АЛКОГОЛИЗММЕН КҮРЕС – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ

Рейтинг
13.12.2025, 20:03
АЛКОГОЛИЗММЕН КҮРЕС – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ

       Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19 пайызы – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағып отыр. Еліміздегі сайттар алкоголь тұтыну деңгейі бойынша Қазақстан әлемде алғашқы ондықта екені жайлы хабар таратып жүр.

        Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, жылына орта есеппен қазақстандық ер адам 25 литр алкоголь, ал әйел адам шамамен 9 литр ішімдік тұтынатынын мәлімдеді. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі әлемдегі ішімдік ішу деңгейі және оның салдарынан болатын өлім-жітім туралы барлық ақпарат пен рейтингтер ДДСҰ-ның 2018 жылғы баяндамасында қамтылған. Аталған зерттеу бойынша, Қазақстан туралы деректер 271-бетте жинақталған. ДДСҰ-ның 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтар тұтынатын алкоголь өнімдерінің мөлшері жылына 7,7 литр таза спиртті құрады. Мұндай көрсеткішпен Қазақстан әлемдік рейтингте 76-шы орында тұр.

         «Ащы судан» бас тартқан ауылдар көп Елімізде болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Бірнеше елді мекендегі дүкендерде ішімдік мүлдем сатылмайды. Мысалы, Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары.

        Жалпы, Қазақстанда қазір маскүнемдікпен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет бұған көп көңіл бөлуде. Алкоголизмге қарсы көптеген іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрлі орталықтар салауатты өмір салтын насихаттап жұмыс істеуде. Соның бірқатарына тоқталып өтсек, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» № 982 қаулысында халықтың салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру басты мақсат екені нақты көрсетілген. Бұл бағдарлама азаматтардың салауатты өмір салты мен Қазақстанның гүлденуі үшін күресте мемлекеттің дәйекті ұстанымына негізделген. 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат бөлінеді. Бағдарламаны іске асырудың жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрады.

         Сөз соңында халықаралық тәжірибені бір шолып өтсек. АҚШ-та 21 жасқа толмағандарға алкоголь сатуға тыйым салынған, барлық сатып алушылар жеке куәліктер арқылы тексеріледі, полиция қадағалауымен бақылау жүргізіледі. Нәтижесінде жол-көлік оқиғалары мен қылмыстардың саны айтарлықтай төмендеген. Еуропа мен Азия елдерінде де алкоголь сатуды қатаң бақылау жүйелері қолданылады. Швеция мен Норвегияда алкогольді сату мемлекеттік монополия арқылы жүзеге асырылады, Германияда «тексеру шегі» моделі жұмыс істейді, Ұлыбританияда «Challenge 25» саясаты жасқа байланысты тексеруді талап етеді. Жапонияда автоматтардан сату электронды карталар арқылы шектелген, ал Түркияда түнгі уақытта сату мен жарнамалауға шектеу қойылған. Индонезия мен БАӘ-де жас ерекшелігі мен жеке куәліктер тексеріледі, ал Қатар мен Иранда алкогольге қатаң заңнамалық шектеулер енгізілген.

         Алкоголизмді өз бетімен емдеуге мотивация табу өте қиын. Адам өзін маскүнемдікпен ауыратын науқас ретінде тани алуы үшін психотерапевттің ұзақ және мұқият жұмысы, туыстарының немесе қолдау топтарының көмегі қажет. Қорыта айтқанда, алкоголь тек кешенді тәсілді қажет етеді - психотерапевтік әдістер мен есірткіні емдеудің комбинациясы. Бұл ауруды емдеу қиын, өйткені маскүнем өзін ауру деп санамайды және емделгісі келмейді.

Сұхбат

PhotoRoom