ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДҢ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАСТАЛДЫ

Рейтинг
13.12.2025, 20:01
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДҢ ЖАҢА ЖҮЙЕМЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАСТАЛДЫ

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа  Жолдауында стратегиялық міндет қойды – адами капиталға жүйелі инвестициялар арқылы Әділетті Қазақстан құру. Бұл тапсырма Үкімет атқарып жатқан кешенді жұмыстың негізіне айналды. Ол баршаға қолжетімді әрі заманауи білім беруге және ғылыми орта қалыптастыруға бағытталған. Жүйе мектепке дейінгі тәрбиеден бастап алдыңғы қатарлы зерттеулерді қолдауға дейінгі барлық сатыны қамтиды. Осы арқылы елдің болашағын айқындайтын берік негіз қаланып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі нығаяды және әрбір азаматтың өмір бойы дамуына жағдай жасалады.

       Түркістан облысында жекеменшік мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыру басталды. Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жалпы 157 жекеменшік мектеп бар. Аталған білім беру ұйымдары 2024-2025 оқу жылының соңына дейін «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан қаржыландырылған.

       Жекеменшік мектептерге жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде оқушыларды есепке алу мен қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ұлттық білім беру дерекқорында мемлекет есебінен қаржыландырылатын оқу орнында тіркелген балалардың іс жүзінде басқа мектепте оқитыны белгілі болды. Түйіткілді мәселелерді шешу мақсатында елімізде жекеменшік мектептерді қаржыландыру бойынша жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Енді төлемдер ҚР Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

         Өңірдегі 157 жекеменшік мектеп ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасалды. Мәліметтер толық тексеріліп, «e-Qazyna» жүйесіне жүктелгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актісі рәсімделіп, Қаржы орталығына жолдануда.

         Бүгінде облыстағы 110 мектепке қаржы аударылды. Яғни, 25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне ұсынылған құжаттарға сай төлем толық жүргізілді. Қалған жекеменшік мектептердің оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіштері мен олардың басқа білім беру ұйымдарына ауысу фактілері «BilimClass.kz» платформасы арқылы тексеріліп, жыл соңына дейін толық көлемде төленеді.

         Қаржыландыру тек нақты оқып жүрген балаларға жүргізіледі. Барлық дерек расталған соң ғана төлемдер рәсімделеді. Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды.

        Жолдауда айтылғандай орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазіргі кезде 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылға дейін кемінде 1000 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн екенін атап өтті.

        Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету мақсатында сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілетін болады.

      Еліміздің барлық өңірінде білім сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылы құрылысы жүріп жатқан 232 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда, олардың жалпы сыйымдылығы – 267 мың орын. Бұл үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге тікелей қадам болып отыр. Сонымен қатар қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда: 2025 жылы 245 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Қосымша 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңғыртылады. 680 ұйым үшін 1,1 мыңнан астам заманауи пәндік кабинет сатып алынуда.

 

 

Сұхбат

PhotoRoom