Таразда «7-20-25» бағдарламасы аясында 9 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлайды.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Осы орайда, шарапаты мол «7-20-25 Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру мақсатында әкімдік пен ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалы, бағдарламаға қатысушы екінші деңгейлі банктер арасында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.
«Жоспарда бюджет есебінен 14 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы бар. Соның ішінде, 9 тұрғын үйді «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғындарға пайдалануға беру көзделіп отыр. Қазір жоспар аясында жұмыстар бастау алды, биылғы жылға 720 пәтерлі 9 көп қабатты кредиттік тұрғын үй құрылысын бастау үшін бағалы қағаздар есебінен қосымша 725,6 млн. теңге бөлінді. Жаңа тұрғын үй алқаптарын инженерлік инфрақұрылымдармен қамту арқылы 3752 жер телімдері бөлінетін болады», – дейді қала басшысы Ғалымжан Әбдірайымов.
Сонымен бірге, бүгінгі таңда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы халықты баспанамен қамтамасыз ету ісін ілгерілетуге оң ықпалын тигізуде. Мәселен, Тараз қаласындағы “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” салымшыларына «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 800 пәтер мен 205 тұрғын үй қолданысқа берілмек.
Айта кетерлігі, шаһарда үй кезегінде тұрғандар саны 15 мыңға жуықтайды. Олар үшін де жағымды жаңалық жоқ емес. Жыл соңына дейін, 430 мың шаршы метр тұрғын алаңын беру жоспарланса, 800 пәтерлі 10 үй және 255 котедждік жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұнан өзге, 15 шағын ауданда іргетасы қаланған оқушылар, неке қию, салтанат сарайлары мен ХҚКО, тәуелсіздік монументі, сауда-ойын сауықтыру орталықтарының құрылысы 2019 жылы аяқтау күтілуде. Осылайша, 15 мөлтек аудан Тараз қаласының жаңа орталығына айналмақ.
Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл мақсатқа өткен жылы 1,8 миллиард теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілген. Сонымен қатар, былтырғы жылдан өтпелі және биылғы тұрғын үй құрылысы жұмыстарына барлығы 3,23 миллиард теңге бөлінген. Негізінен құрылыс жұмыстарының дені қаладағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы жер телімдерінде жүргізілуде. Халықтың аз қамтылған топтары үшін сатып алу құқығынсыз «Арай» алқабы мен «Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтеретін тұрғын үй кешені беріледі. Аталған 3 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 1 531,302 миллион теңге бөлінген. Бұл нысандар биыл пайдалануға берілмек.