«Қазақфильм» шеттеткен қазақ фильмі

Сұхбат
13.11.2014, 20:11

«Кинорежиссер Кенжебек Шайқақовтың «Күркө» фильмi Тәжiкстанда өткен «Дидор» кинофестивалiнде 72 туындының арасынан арнайы жүлдемен оралды» деген ақпаратты көзіміз шалған. Бір өкiнiштiсi аталған фильмдіотандық киногерлер қыркүйек айында«Еуразия» кинофестивалiне қатыстырмай қойған екен. Ендi мiне, өзге елде марапатталып лайықты бағасын алып келді. Тағы Қазан қаласында өтетiн кинофестивалға қатысуға шақырып отыр екен. Осыны естіп алып, фильм режиссеріне хабарластық. 

10472148_1504144973164505_6349453318115471412_o

– Кенжебек, «Күркө» туралы айтсаңыз. Идея қайдан туды, қашан, қалай түсірілді?

– Бұл фильмнің негізгі идеясы өмірде болған оқиғадан туды. Қырғыз елімен, қойы қоралас, жаны аралас жатқан Жамбыл облысында , Қордай ауданы деген жерді білетін боларсыз. Сол елдің азаматы, бір танысым айтып берген. Бір ағайынының қойын бағысуға барған оның басынан өткен оқиға екен. Алғаш тыңдағанда маған ерекше әсер етті. Бірақ, ол кезде оның кейін киноға айналатынын ойламаған да едім. Әсерлі әңгіме ретінде қалған. Кейін киностудияда бірнеше картинада екінші режиссер болып жұмыс істедім. Өнер академиясын сценарист мамандығы бойынша бітірсем де, дипломдық жұмыстан кейін киносценарий жазбаппын. Бір күні жақын таныс режиссерге осы оқиғаны айтып беріп едім, ол онша елең қыла қоймады. Өз ойымша әлгі оқиға дайын кино секілді. Содан 2010жылы «Қазақфильм» киносценарийлерге байқау жариялады. Сол байқау осы сценарийдің жазылуына себепші болды. Байқаудың ерекшелігі, сценарий авторы көрсетілмейді, яғни сценарий таңдалып алынғанша, автордың аты-жөні жабық конвертте жасырын болады.  Қазылар алқасы белгілі жазушылар мен киногерлер болды. Бір өкініштісі менің осы сценариім байқаудан өтіп, үшінші орын иеленіп тұрған жерінен, шешімді  өзгертіп жіберіпті. Өзіңіз ойлаңыз, белгілі автордың бірі ме екен деп, конвертті ашса, аты беймәлім біреу. Содан «Қазақфильмнің» басшысы Ермек Аманшаев протоколды қайта өзгертіп, мені байқаудан шеттетіп тастапты. Былай қарасаңыз заңсыздығынан бұрын, үлкен қиянат емес пе?! Егер орын алғанда, байқаудың талабы бойынша «Қазақфильм» сценарийді түсірілуге жіберетін еді. Сөйтіп бұл түсірілімнен шеттетіліп қалды.

1897872_596759970447439_6648217071985735197_n

Енді жазылар сценарий жазылды, қалай да түсіру керек деген ой келді. Оны үстіне сценарийді оқыған мамандардың пікірі де жігерлендіп қойды. Содан 2013 жылы осы жайды, курстас –досым Берік Уәлиге айтып едім, ол қалай да түсіру керек деп, кейін «Аманат» продюсерлік орталығының қаржыландыруымен, және Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы әкімшілігінің қолдаумен, киелі Қазығұрт тауының бауырайында, Сабыр Рахымов ауылында түсірілімді бастап кеттік. Бас-аяғы жиырма шақты күннің ішінде фильмді түсіріп бітірдік. Осы сұқбатты пайдаланып, сол өңірдегі бізді қолдаған жігіттерге рахметімді айтқым келеді.

– Неге біз аталған туындыны халықаралық фестивальден жүлдегер болғаннан кейін естдік?

– Фильмнің жанры – артхаус. Бұл жалпы көрерменге бағытталған жанр болмай тұр әзірге. Сондықтан мұндай  фильмдердің әуелгі тағдырын көп жағдайда фестивальдер анықтайды. Өйткені фестивальден осы саланың білікті мамандары көріп баға береді. Қарапайым көрермен мән бермейтін, киноның заңдылықтары мен кәсіби түсірілімін талқылайды. Мамандардан нақты бағасын алғаннан кейін барып ғана, көрерменмен қауышу- қауышпауын кезекке қоямыз. Фильмнің түсірілген уақыты 2013-жыл болғанымен, биыл дайын болды. Тәжікстанда өткен  халықаралық «Дидор» киофестивалінде фильмнің алғашқы премьерасы өтті. Алғашқы қадамы жаман емес сияқты. Елеусіз қалған жоқ. Енді басқа да фестивальдерден шақырулар түсіп жатыр. Арғы жағын көре жатармыз.

– Ал неге «Еуразия» кинофестиваліне жіберілмеді?

– Өз жерімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Еуразия» кинофестивалінің іріктеуден өтті. Тек тағы сол «Қазақфильм» басшысы белден басып өткізбей қойды ғой... Бір ғана себеп, өнім – «Қазақфильмдікі» емес» депті.

– Фильмнің жалпы мағынасы қандай?

– Фильмнің мағынасы дейсіз бе... Жалпы кез келген шығармашылық иесі өз шығармашылығында, алдына бір мақсат қояды деп ойлаймын. Десе де кинодағы менің ұстанымым – белгілі философия қуудан гөрі, кейіпкер тағдырының жетегіне еру. Сондықтан, менің фильмімнің мақсаты – адам тағдырына бейжай қарамау ғана. Оның өмірінің қалтарыс-бұлтарыстарын ашу. Меніңше, әрбір пенде өзіне жайлы әлемді іздеп жанталасумен өмірін өткізетін секілді. Бірі табады, енді бірі адасады. Менің фильмімнің желісі, қоғамнан оқшауланған, заманға икемсіз кішкентай адамдардың тағдырын баяндайды. Қазақ мен қырғыз шекарасына күрке тігіп, оны өз әлемдеріне  айналдырған қазақ жігіті Сапар мен қырғыз қызы Айшүректің өмірі көрсетіледі. Бірі арғы беттен, енді біре бергі жақтан қой бағып шығатын екеуінің бас қосатын жері – шекараға тіккен күркелері. Олар үшін осы кішкене «Күрке» – баға жетпес жайлы жер. Өйткені бұл – олардың әлемі еді.

Қазақ киносын бәрі сынайды. Киноның сценарийін жазып, түсірдіңіз, яғни сол әлемнің ішінде жүрсіз. Біздің киноларға не жетіспейді немесе нені көргіңіз келеді?

– Қазіргі қазақ киносы дамып келеді дегенді жиі айтып жүрміз ғой. Меніңше, киноның көптеп түсірілгені дұрыс. Саннан сапа шығады. Бірақ қазақ киносының дамуын санмен өлшеуге болмайды деп ойлаймын. Сосын сіз қазақ киносы деп сұрап тұрсыз. Жалпы, қазақ киносы және қазақстандық кино деп түсінген дұрыс па деймін. Сіз тілі басқа, ділі басқа таным талғамы басқа, бітім болмысы бөлек кейбір фильмдерді қазақ қиносы деп қалай айтар едіңіз? Меніңше, қазақ киносына ұлттық  болмыс жетіспейді. Тамыры ұлтқа терең бекімеген адам ұлттық фильм жасай алмайды деп ойлаймын. Олар ұлттың жан жарасын сезінбейді. Біздің бүгінгі киноны жасап жатқандардың көбі, тамырынан ажыраған адамдар және үкіметтің қолдауы да соларға болып тұр. Менің кинодан қазақтың өзін, өзінің ұстанымын, мінезін,салт - санасын , мәдениетін көргім келеді. Біз көрерменді әсіресе телеарналар арқылы, басқа мәдениетпен тәрбиелеп жатырмыз. Мен осы салаға қазақилығы бұзыла қоймаған Сатыбалды ағай айтпақшы қыр қазағының, ауыл жастарының көптеп келгенін қалаймын. Қазақ киносын –ұлттық кино жасайтын солар болар еді...

471527_375065985851912_391288123_o

Белгілі киносыншы Гүлнәр Әбікеева «Күркө» жайлы былай дейді:

– Жеке студияда, қазақ тілінде дебютант режиссердің бұл жұмысын биыл түсірілген фильмдердің үздік үштігіне кіреді. Режиссердің жұмысы, актерлердің шеберлігі жоғары деңгейде. Фильм өз көрерменін табатынына сенімдімін.

Гүлнәр Ойратқызының айтуынша, 15-қараша күні Т. Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында алғаш рет көпшілікке көрсетіледі.

Сұхбат

PhotoRoom