ЖАМБЫЛДЫҚТАР ҮШІН БІР КҮНДЕ 32 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Аймақ
01.12.2018, 00:58

Жамбыл облысында ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ашылған 32 медициналық нысанның 29-і мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған. Оның  барлығы аудандардағы елді-мекендерге тиесілі. 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар Байзақ ауданындағы Ынтымақ, Жамбыл ауданындағы Бектөбе, Бесағаш, Гродекова, Пригородное, Ақбұлым, Түрксіб, Жуалы ауданындағы Шақпақата, Меркі ауданындағы «Мыхан», Сарысу ауданындағы Игілік, Шу ауданындағы Шоқпар ауылдарында пайдалануға берілді. Ал, ауысымына 10  келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт Байзақ ауданындағы Аймантөбе, Жамбыл ауданындағы Ерназар,  Меркі ауданындағы Екпінді, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел, Көкжелек, Сарысу ауданындағы  Ұйым, Т.Рысқұлов ауданындағы  Қарақат, Шу ауданындағы  Тасөткел ауылдарында орналасқан.

Солардың бірі – шалғайда, бірақ тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданына қарасты Шоқпар ауылында енді заманауи құрылғылармен жабдықталған медпункт жұмыс істейтін болды. Мекемеде балалар бөлмесі, қабылдау бөлімі, науқастың диагнозын анықтау үшін арнайы сараптама жасаушы аппараттар мен құрылғылар орнатылған арнайы бөлмелер де қарастырылған.

Мұнда 5 адамға арналған күндізгі ем қабылдау бөлмесімен қатар, аға дәрігерге, балаларға арналған арнайы бөлмелер мен зертхана және химидатор бөлмелері халыққа қызмет көрсетуге дайын.

15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылының тұрғындарына да есігін айқара ашты.  Бұл дегеніңіз енді, ауыл тұрғандары үшін дәрігерге қаралуға бола қалаға не аудан орталығына ат сабылтудың қажеті жоқ дегенді білдіреді. Жұрттың ризашылығында шек жоқ. Барлығы 42 млн 297 мың теңгеге мемлекеттік жекеменшік серіктестік келісім-шартымен салынып, ел игілігіне ұсынылған бұл амбулаторияның  құрылысын «Алтын Орда 2006» ЖШС жүргізді.

 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында айқын басымдықпен көрсетілген, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты шаралардың міндеттемесі бүгін Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қарақат ауылы тұрғындары үшін де нақты іс-жүзінде орындалды. 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік амбулаторияда енді балалар да, жас аналар да, зейнеткерлер де қажетті медициналық көмек пен ем-домдарын қабылдай алатын болды.

Жалпы, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы  843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберіндегі  бұл нысандардың құрылысын салу барысында өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғандағы құны төмен болып,  1,4 млрд теңге бюджеттік қаражат үнемделді. Елбасының биылғы 5 қазандағы Жолдауында: "Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасаған жөн..." деп нақты міндеттеме жүктелді. Бұл  жерде облыс әкімі Асқар Исабекұлының сөзден іске мығым басшы екендігіне тағы бір дәлелді негіз бар екендігін айта кеткен жөн.

 

Сұхбат

PhotoRoom