Әрбір қазақстандықтың спортпен айналысуы және ол үшін елде жағдай жасалуы керектігі туралы Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында, Үкіметке беретін тапсырмаларында үнемі қадағалап айтып жүр. Биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында да Н. Назарбаев: «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет...Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын...
Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет... » деп тағы да қадап айтты.
Аталмыш мәселені республика бойынша жаппай ұтымды жобаларды жүзеге асыру арқылы шешуге болары сөзсіз. Айталық, Жамбыл өңірінде мұны шешудің ұтымды жобалары қандай?
Жамбыл облысы тұрғыны, спорт ардагері Әмірхан Төленнің айтуынша, қазір облыс халқының 29 пайызы спортпен шұғылданады екен. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ, өңірде 150-ге жуық ғана спорт залы бар екен. Ал, аймақта 1 милионнан астам халық тұрады. Арнайы норматив бойынша әрбір мың адамға кемінде 70 шаршы метр спорт алаңдары мен нысандары болуы тиіс. Осыншама халыққа есептесек, 78 мың шаршы метрден астам спорт залы болуы қажет, алайда тұрғындардың соның жартысына ғана қолы жетіп отыр. Яғни, президентіміздің тапсырмасы толық орындалуы үшін облысқа 30 мың шаршы метрден астам спорт нысандары салынуы керек. Негізінен халық көп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде құрылысты бастау керек дейді спорт майталманы. Атап айтсақ ол алдымен Тараз қаласының, Жамбыл, Қордай, Байзақ, Меркі аудандарының еншісіне кіреді екен. Биыл жалпы құны 2,5 миллиард теңге болатын 6 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ірі спорт кешендерінде әлі де болса жастарға, оқушыларға жеңілдіктер аз қарастыралмаған. Мысалы, «Тараз-Арена», «Дельфин» сияқты үлкен спорт кешендері ақылы негізде жұмыс істейді. 50 пайыздық жеңілдіктер жоқ емес, бірақ жеткіліксіз. Мектептің спорт залдарында спортпен шұғылдану тегін, себебі жергілікті әкімдік, білім мен денешынықтыру және спорт басқармалары арасында жасалған үшжақты меморандумдар барлық аймаққа бірдей.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселеге қатысты: «Спорт нысандары тек бюджет есебінен ғана салынбауы қажет. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржы алатын спорттық нысандар халықтың барлық санатына қолжетімді болуы шарт. Биылғы жылы бюджет есебінен 6 спорт нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Дегенмен, елді мекендерде спорт нысандарын салу мәселесі тек бюджет есебінен ғана шешілмеуі тиіс. Мысалы, мемлекеттік -жекешелік әріптестік бойынша «Шу қаласында орналасқан дене шынықтыру- сауықтыру спорт кешеніне сервистік қызмет көрсету» жобасы іске асырылуда. Осындай жұмыстарды барлық аудандарда ұйымдастыруға болады. Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы азаматтарымыз үшін спорт нысандарын қолжетімді етудің жолдарын табуға шақырады. Біздің міндет – соны ұйымдастары білу» деп мәлімдеді. Қысқасы, спорт нысандары әрбір қазақстандыққа қолжетімді болуы тиіс.