«АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» ҚЫЗМЕТІ ШАЛҒАЙҒА ДА ЖЕТТІ

Аймақ
01.12.2018, 19:17

Бүгінде азаматтарымызға қызмет көрсету сапасы мен мүмкіндіктерін арттыру бағытында мемлекет тарапынан мол игі істер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауы осы мәселені де айналып өтпеді. Онда президентіміз: «... Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керек... Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс. Сол үшін Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек...» дегенді айтты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы берген мәліметке сүйенсек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қазіргі басты міндеті – шалғай елді мекендерде тұрып жатқан азаматтардың ақшасы мен уақытын үнемдеу. Аудан орталығына келмей-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет арқылы өз құжаттарын арнайы топтың көмегімен уақытылы, әрі тиімді рәсімдеп және барлық толғандыратын сұрақтарға тегін кеңес алуға мүмкіндігі бар. Мобильді ХҚКО сапарлар кестесі әкімдік сайтында, жергілікті газеттерде, орналасқанын ескертеміз. Мобильді топтың қызметкерлері көбінесе азаматтарды ауылдың орталығында орналасқан әкімдіктің ғимаратында қабылдайды. Жылжымалы ХҚКО-лар қаншалықты көп қызмет көрсетсе, соншалықты халыққа да қолайлы болмақ. Әсіресе аудан орталығынан тым алыс жатқан елдімекендердің тұрғындары осы күндері аталмыш орталық қызметін оңтайлы пайдалануда. Мысалы, Шу ауданы орталығынан 110 шақырым шалғайда орналасқан  Көкқайнар ауылдық округінің тұрғындарына жуықта мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық-құқықтық қызметтер көрсетілген. Сонымен қатар тұрғындармен кездесу барысында АХАТ бойынша жаңа туылған баланы тіркеу, әлеуметтік көмек, коммуналдық қызмет көрсету және меншік құқығын тіркеу, есепке отырғызу, есептен шығару мәселелері бойынша құжаттарын тексеріп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ауылдық мекендердің тұрғындары мемлекеттік қызметтерден басқа ЭЦҚ мәселесі, порталда тіркеу, құжаттарды ресімдеу және т.б. бойынша тегін кеңестер берілген.

Сонымен қатар Елбасы атамыш Жолдауында: «...Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс.» деп атап көрсетті. Бұл тапсырма да аймақтарда қолға алынуда. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Бекжан Кеңесбектің айтуынша, облыста заңнамамен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйден шықпастан мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл үшін аталған адамдар бірыңғай байланыс орталығының 1414 тегін нөміріне өтініш берулері тиіс.

Маман бұған қоса, орталық қызметкерлері 10 минуттың ішінде өтінішті тіркеп, тұлғаның жеке деректері мен жүгінген мемлекеттік қызмет түрін анықтайды. Бұдан кейін, қызмет алу үшін қажетті құжаттарды тізбесін атап өтіп, жақын жерде орналасқан ХҚКО-ға орындау үшін жолдайды. ХҚКО-ның қызметкері 56 жұмыс сағат ішінде өтініш иесінің үйіне барып, құжаттарды қабылдайды немесе қызмет көрсету нәтижесін (дайын болғанда) береді. Қажет болған жағдайда ХҚКО қызметкері мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша кеңестер береді, электрондық-цифрлі қолтаңбаны беруді жүзеге асырады, «Электрондық үкіметінің» порталы (www.egov.kz) арқылы мемлекеттік қызметтерді электронды нысанда алу тәртібін көрнекі түрде көрсетіп, түсіндіреді- дейді. Ендеше «Азаматтарға арналған үкімет» қызметі шалғай елдімекендерге де оңай жететін болды. Қазақстан Президентінің әр Жолдауында, әр бағдарламасында айтылған міндеттемелер осылайша жүзеге асуда.

Сұхбат

PhotoRoom