МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА КӨМЕК

Аймақ
07.11.2018, 04:05
МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА КӨМЕК

 

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық күннен-күнге артып келеді.  Оларға арналған  көмек пен қызмет көрсету жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Астана қаласынан келген қайырымдылық қоры да осындай игі істің ұйытқысы болып, біздің өңірдегі өздігінен жүріп тұра алмайтын азаматтарға қол арбаларын сыйға тартты.

Бұл бастама еліміздегі «Уақып» және Америка Құрама Штатының «LDS» қайырымдылық қорларының бірлесіп ұйымдастырған жобасы. LDS Charities  халықаралық қайырымдылық ұйымының өкілдері әлем бойынша мүгедек арбасына мұқтаж жандарды арбамен қамтамасыз етіп, ақысыз түрде тренингтер жүргізеді. Арбалар ең әуелі Қазақстан облыстары бойынша арбасы мүлдем жоқ мұқтаж жандарға, одан кейін арбасы жарамсыз, тіпті жөндеуге келмейтін адамдарға, үшінші кезекте арбасы өзінің өлшемдері бойынша келмейтін адамдарға үлестіріледі.

2018 жылдың қазан айында құрылған қайырымдылық қоры еліміз бойынша қамқорлыққа мұқтаж азаматтарға 343 қол арбасын беруді жоспарлапты. Осындай арбаның 18-і тараздық мүмкіндігі шектеулі жандарға бұйырды. Қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлаған қайырымдылық қоры мұндай сыйды республиканың өзге де аймақтарына жасамақ ниетте.

Қайырымдылық қор нұсқаушысы Дастан Раушанбековтің айтуынша, қазір мұндай арбаны республикамыздың барлық аймағына таратуды жоспарлап жатқан көрінеді. Айталық, Тараз қаласының өзінен ғана келген 18 қол арба сұранысын, үш күннің ішінде, әр адамның дене бітімі, размеріне сай құрастырып берген.

Дастан Раушанбеков: «Мәселен, арбаны мемлекет тарапынан немесе қайырымдылық негізде берген кезде оны алатын адамның өлшемдеріне мән берместен үлестіре салады. Ол дұрыс емес. Себебі кейбір 10 жастағы бала арық болады, ал кейбіреуі денелі болады. Сол уақытта арба оның өлшемдеріне сәйкес келмей, еркін қозғалуын қиындатады. Арбаның қолайсыз болуы адамның қауіпсіздігіне де кедергі. Сондықтан адамның өлшемдерін алу маңызды. Арба әуелі өлшемі бойынша дұрыс келуі керек».

Арбаны өз қолдарымен құрастырып, оны адамның дене пішініне сай  өлшеп, ыңғайлы, әрі қолайлы етіп жасап беру үшін арнайы нұсқаушы да келіпті.

Игі бастама иелерінің келесі бағыты  Түркістан облысы.

 

 

a

ИНТЕРВЬЮ

PhotoRoom