ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫН ШЫМКЕНТТЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Аймақ
07.02.2020, 12:25

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығынан шалғай аумақта орналасқан аудан тұрғындарымен жүздесу үшін Шымкент қаласына арнайы барды. Аймақ басшысы халықтың мұңын тыңдап, заң аясында жауап берді. Азаматтардың мәселелеріне мұқият назар салған Өмірзақ Естайұлы оларға тығырықтан шығу жолдардың тәртібін түсіндірді.

Көкейтесті мәселесін облыс әкімінің алдында ақтарған бірнеше тұрғынның бірі төлебилік Ұрзия Сергебаева өмір бойы баспана тауқыметін тартып келеді екен. Жалдамалы пәтерді паналап келетін бес балалы жалғызбасты ана тұрақты баспана сұрады. 1,5 млн. теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған әйел, ағылшын және араб тілдерінен ақылы сабақ берумен айналысады. Облыс басшысы аудан әкімдігіне қабылдауға келген ананың өтінішін шешуді тапсырды.

Баспана тауқыметін тартқан тағы бір көпбалалы ана – Жазира Тұрғынова. 1991 жылы туылған 7 баланың анасына әкімдік демеушілердің көмегімен Ленгір қаласынан 8,5 млн. теңгеге 5 бөлмелі, толық жиғаз-жабдықтармен қамтылған жеке үй сатып алып берген. Отағасына бірнеше жерден жұмыс та ұсынылыпты. Дегенмен көпбалалы ана үйінің қазір апатты жағдайда екенін айтып шағымданды. Өмірзақ Естайұлы отбасының тұрмысын арнайы комиссия тексеріп, қажет болса демеушілер есебінен «Қамқорлық» жобасы аясында көмек көрсетілетінін айтты.

Облыс басшысының жеке қабылдауына келген Оңласын  Назаров Мақтаарал ауданы, Мырзатөбе елді мекенінен балабақша ашып, спорт кешенін салуды және елді мекенді табиғи газбен қамту өтінішін жеткізді. Өмірзақ Шөкеев ауылдағы «Махамбет Өтемісұлы» атындағы №28 жалпы орта мектебінің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, балабақша ашуды, 2020 жылы жергілікті әкімдіктің бюджет есебінен спорттық алаңша салуды және ауылды көгілдір отынмен қамтуды қолға алуды тапсырды.

Әкім қабылдауында болған Ермахан Кускеев Ясауи мен Арыстан баб кесенелері аралығындағы атырапқа түркі елдеріндегі ең озық мәдени мұралардың жиынтығын жасақтау жоспарымен таныстырды.

Өмірзақ Естайұлы құзырлы басқарма басшыларына ұсыныстарды қарастырып, талдау жасауды тапсырды.

Облыс әкімінің жеке қабылдауына келгендер жеке бастарына қатысты және өңірге ортақ әлеуметтік проблемаларды айтып бөлісті. Өмірзақ Естайұлы тиісті салаға қатысты сауалдарды бақылауға алып, оларды шешуді аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жүктеді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сұхбат

PhotoRoom