ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАРЫНА ЖОЛ БЕРГЕН ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТИІСТІ ШАРА ҚОЛДАНУ ҰСЫНЫЛДЫ

Рейтинг
29.02.2020, 16:24
ТҮРКІСТАН:  СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТАРЫНА ЖОЛ БЕРГЕН ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТИІСТІ ШАРА ҚОЛДАНУ ҰСЫНЫЛДЫ

Бүгін  Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің қатысуымен  ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде келелі жиын өтті.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар аясында өрбіген кездесудің негізгі  мақсаты - әкімшілік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық деректерінің орын алуына жол бермеу және қоғам дертінің туындауына жол берген бірқатар азаматтарға тиісті шара қолдану.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдары мен себебі терең талқыланған жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.Қалқаманов пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Р.Куватов, облыстық басқарма басшылары, аудан/қала әкімдерінің аппарат басшылары мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиында сөз алған Хаким Дүйсешұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындауына негіз болатын себептер мен жағдайларды ашық атап көрсетіп, 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Департаментпен жолданған 8 ұсынымды қарау қажеттілігін алға тартты.

Өз кезегінде Департамент басшысы жолданған ұсынулардың  4-еуі – пара алу, 2-еуі – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу, 1 ісі -  алаяқтық, 1 ісі – лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану деректері бойынша тіркелгендігін тілге тиек етіп, бүгінгі күні қылмыстық істердің 2-еуі айыптау актісімен сотта қаралып жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар, Түркістан өңірінде қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметшілерді ар тазалығын биік ұстауға, әрі ел игілігі жолында халыққа қалтқысыз қызмет етуге шақырды.

Әкімшілік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық деректері талқыланған алқалы жиын барысында  мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі әлеуметтік көмекке шығару, жұмысқа қабылдау, еңбек шартын ұзарту және  мемлекеттік сатып алу салаларында жиі қылмыстық құқықбұзушылыққа баратындығы белгілі болды.

Қоғам дертін болдырмауға бағытталған жиында тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Азамат Батырбеков сөз алып,  2019 жылы әкімшілік қызметкерлеріне қатысты анықталған 126 қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне, оның ішінде қылмыстық оқиғалардың 61-і – пара алу дерегі, 31-і – сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, 17-сі – алаяқтық, 12-сі – лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану  деректері бойынша тіркелгендігін атап өтті.

Сондай-ақ, өткен жылы тіркелген қылмыстық  істердің 118-і өндірістен аяқталғандығын және Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы бойынша жалпы саны 110 ұсыным жолданып, нәтижесінде  54 тұлға әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Жиын соңында ұсынымдарда көретілген  тұлғаларға қатысты тиісті тәртіптік шаралар қолдануды, әкімшілік ғимараттардың көрнекі орындарында қызметкерлерден түрлі сылтаулармен ақша жинауға жол берілмейтіндігі  және орын алған жағдайда Агенттіктің 1424 сенім телефонына хабарласу қажеттілігі туралы жадынамалар орналастыруды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын  одан әрі жетілдіру бойынша профилактикалық бағыттағы шаралар жұмысын күшейтуді және мемлекеттік кәсіпорын басшысының орынбасарларын конкурстық комиссия мүшелері ретінде қоғам өкілдерін қоса отырып, аудио-видео көмегімен конкурс арқылы тағайындау ұсынылды.

Сұхбат

PhotoRoom