Айтаханов айтып салды...

Рейтинг
22.01.2015, 12:13

Бүгін Сенат отырысында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды талқылау барысында депутат Қуаныш Айтаханов жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудегі бүгінгі күнгі өзекті мәселелер төңірегінде пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz

«Жастар – біздің болашағымыз. Бүгінде елімізде жастар саны 4,4 млн немесе халқымыздың 26 пайыздан астамын құрайды. Бүгін әр жас қазақстандықтың алдында «Мен мына жаңа қоғамнан өз орнымды таптым ба? Соған бір кірпіш болып қаландым ба?» деген заңды сұрақ тұр. Біз соған жауап беруіміз керек, осыған жауап беруге көмектесуіміз қажет. Қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Алайда, тек қана «Отаныңды сүй, еліңнің патриоты бол!» деген жалаң сөздер тәрбие емес, ол үгіт-насихат. Ондай үгіт-насихаттан жастар тез жалығады», - дейді депутат.

Сенатордың пікірінше, жастарға оларды жалықтырмайтын, қайта ойын терең дамытып, қиялын өсіретін, адамгершілік пен инабаттылыққа, патриоттық рухта тәрбиелейтін кітаптар керек. «Жаужүрек мың бала» сияқты, Елбасымыздың өмірі баяндалған көркем фильмдер тәрізді тәрбиелік мәні бар бағдарламалар керек.

«Бұл бағытта соңғы жылдары бірқатар игі істер атқарылғанымен, кемшіліктер де жеткілікті. Бүгінде теледидар экраны сүйісіп-өбісіп, жартылай жалаңаш құшақтасып тұрғандар мен шулаған шоу, арзан күлкі, қазақты мазаққа айналдыратын дөрекі әзілдерге толы. Олар біздің ұлттық мүддемізге мүлде жат пиғылдарды насихаттайтын, зорлық-зомбылыққа, бейәдептілікке толы шетел сериалдарын көрсетіп, жат мәдениетті жастарымыздың санасына сіңіруде», - деді Қ.Айтаханов.

Депутат атап өткендей, соңғы кездері қоғамда бұрын естіп-білмеген қылмыстардың көбейіп кетуі де осыған байланысты. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2014 жылы жасөспірімдердің қатысуымен 3558 қылмыс жасалған.

«Жастардың қатыгездене түсуі, ауыр және өте ауыр қылмыстарға еш қымсынбай баруы жан түршіктіреді. Тек 2014 жылы жасөспірімдердің қатысуымен 28 адам өлтіру оқиғасы тіркелген. Қазіргі заманда «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі, бүгінгі экран осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын тілі шыға бастаған сәбилерімізден бастап, жүз мыңдаған алам теледидар алдында отыр», - дейді ол.

Сенатордың айтуынша, ұрпақ тәрбилеудегі көгілдір экранның қуаты мен күшін жастарымыздың санасын тәуелсіздік рухында, адамгершілікке, имандылыққа, патриоттық сезімге тәрбилеуге пайдалана білуіміз керек.

 

Сұхбат

PhotoRoom