Қарашаш ана кесенесі туралы не білеміз?

Рейтинг
04.07.2020, 19:40
Қарашаш ана кесенесі туралы не білеміз?

Шымкент қаласындағы республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген тарихи орын - Қарашаш ана кесенесі. Ол Сайрам ауылының орталығында, мазарат ішінде (ХҮІІІ ғ). Кесене шырақшысы Әуесхан Қадыров жылдар бойы осында келушілерді қарсы алып, құран оқып, кесене тарихын баяндап келеді.

Яссауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса шейхтың қызы болған. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды. Ислам әлемінде қасиетті Құран кәрімді араб тілінен түркі тіліне алғаш болып аударған әйелдердің бірі. Бойы аласа болғанымен, қап-қара толқынды шашы болғаны үшін халық оны Қарашаш атап кетіпті. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Алла тағала берген ізгі қасиеттерінің бірі – перзент сүйе алмай жүрген әйелдерді уқалау жолымен емдеп, бала көтеруіне себепші болған деседі. Аңыз бойынша Қарашаш сырқатты емдегенімен бірге түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік символына айналды.

Қарашаш ананың әкесі Мұса шейх Ибраһим атаның ұстазы болған. Ибраһим ұстазының қызына үйленіп, одан үш перзент сүйген дейді. Біріншісі Гаухар деген қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Екінші баласы Садыр қожа деген атамыз Қытайдың территориясында дін жолында шейіт болған дейді. Үшінші баласы Ахмет Яссауи бабамызды Алла тағала ерекше қасиетті бала қылып жаратқан екен. Ол екі жасында Құранды оқи алған, жеті жасында медресені бітіріп, әулиелік дәрежесіне жеткен дейді. Осының бәрін байыптаған әкесі Ибраһим оны бір түйеге отырғызып: «Осы түйе қай жерге барып шөксе, сол жерді мекен ет!» деп шығарып салады. Сонда түйе барып Яссыға (қазіргі Түркістан) шөккен дейді.

Сұхбат

PhotoRoom