Алматы облысында заңсыз салынған 145 нысан анықталды

Аймақ
29.01.2023, 17:13

Облыста рұқсатсыз салынған құрылыстарға қатысты 440 әкімшілік іс қозғалды

Алматы облысында заңсыз салынған 145 нысан анықталды
көрнекі фото

Алматы облысында былтыр заңсыз салынған 145 нысан анықталды. Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хабарлады.

Соның бірі – Қарасай ауданы Жібек жолы мекеніндегі заңсыз тұрғызылған көлік жуу орны.

«Сәулет қала құрылыс қызметінің заңды талаптарын орындамағандықтан хаттама толтырылып, нысанды бұздық. Заң бұзған азамат өзі бұзып алып жатыр», – деді мемлекеттік сәулет құрылыс инспекциясы бөлімінің бас маманы Шаттық Мәмбетов.

Ал заң бұзған кәсіпкер алаяқтарға сеніп қалғанын айтады.

«4 сотық жерді 4 миллионға сатып алдық. Алаяқтар бұл жер коммерциялық деп сатқан. Сіздер де алаяқтардан абай болыңыздар, мен сияқты алданып қалмаңыздар», – дейді кәсіпкер.

Жалпы Алматы облысында жобалау-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ уәкілетті органның рұқсатынсыз салынған құрылыстарға қатысты 440 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 149 әкімшілік материал Алматы облысының соттарына іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жіберілді. 66 748 896 млн теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ Алматы облысының соттарына өз бетінше салынған объектілерді бұзу туралы 10 материал жіберілген.

Сұхбат

PhotoRoom