Қарызы 5 млн теңгеден асуы керек: банкроттықты рәсімдеу қалай жүзеге асырылады

Әлеумет
30.01.2023, 15:30

Несиесін төлей алмай жүрген адамдар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады

Қарызы 5 млн теңгеден асуы керек: банкроттықты рәсімдеу қалай жүзеге асырылады
photo / Pixabay

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстан азаматтарын сот арқылы банкрот деп тану мәселесі қалай жүзеге асатынын мәлім етті. Айтуынша, азаматтар қарызы 1600 АЕК-тен (шамамен 5 млн 520 мың теңге) асқан жағдайда іске сот арқылы банкрот деп жариялау процесі жүзеге асырылады.

«Атап айтқанда, сот банкроттығы барысында кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін осы баспана кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Одан түскен қаражат белгіленген кестеге сәйкес кредиторлар алдындағы қарызды өтеуге жіберіледі», - деді Ержан Біржанов.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, алимент, адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша қарыздар, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіру алу мақсатында бюджетке аударылатын төлемдер есептен шығарылмайды.

Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың қатарына кәсіби бухгалтерлер, заң бойынша кеңесшілер, аудиторлар, кіреді.

Мұнымен қоса, жеке адамдардың банкроттығы туралы заң аясында төлем қабілетін қалпына келтіру қамтылған. Яғни тұрақты табыс болған жағдайда, сотта қарызды бөліп төлеу мүмкіндігі (5 жылға дейін) ескерілген. Қалпына келтіру жоспарын қаржы басқарушысы бірлесіп әзірлейді және сотта бекітіледі. Бұл рәсімнің артықшылығына тоқталсам, қарызы бар адам «банкрот» санатына кірмейді.

Атап айтқанда, банкрот деп танылған адам 5 жыл несие ала алмайды. Сонымен бірге, 7 жылдың ішінде өзін қайтадан банкрот деп тануға жатпайды. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Ал төлем қабілетін қалпына келтіру кезінде, мұндай салдар болмайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қарызы жабылмаған адамдар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.

Соттан тыс банкроттыққа тоқталсақ, бұл рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша тиісті шарттарға сәйкес қолдана алады. Біріншіден, олардың алдындағы қарызы 1 600 АЕК-тен аспауы тиіс.

Сұхбат

PhotoRoom