Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Астананы дамыту жөнінде кеңес өтті
Жиынға ҚР президент әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері және орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Кеңес отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, премьер-министрдің орынбасарлары Роман Скляр мен Алтай Көлгінов баяндама жасады.
АСТАНАДА МЕКТЕП, БАЛАБАҚША, АУРУХАНА ТАПШЫ
– Жалпы, елорданың даму барысы жаман емес. Былтыр әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсті. Ел өмірінде елордамыздың орны ерекше. Оған қойылатын талап та жоғары. Бұл – тек экономикаға байланысты емес, архитектуралық, урбанистикалық, рухани және әлеуметтік салаға қатысы бар мәселе.
Қазір шаһарда жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшылығы бар. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Мұны ашық айтуымыз керек. Яғни, өзекті мәселе аз емес. Астана – үлкен қала, көшіп келіп, тұрып жатқан азаматтар көп. Сол себепті, әлеуметтік инфрақұрылымға ауыртпалық түседі. Сондықтан, алдағы жұмыс барысында мынадай мәселелерге айрықша назар аудару қажет.
АСТАНАДА 200 ҮЙ ТҰРУҒА ЖАРАМСЫЗ
– Соңғы кезде ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кетті.
Қазір Астанадағы 200 үй тұруға жарамсыз. Қаланың Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ 5 жылдың ішінде осы көшедегі ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған. Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп.
Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360 астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет.
МӘҢГІЛІК ЕЛ ДАҢҒЫЛЫ КЕПТЕЛІСТЕН КӨЗ АШПАЙДЫ
– Тағы бір маңызды мәселе – Астананың көлік жүйесін дамытуға қатысты. Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр.
Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет.
Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді.
Ал, кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені Үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс.
LRT ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕЗДЕТІП АЯҚТАУ КЕРЕК
– Келесі мәселе – қоғамдық көлік жүйесін дамыту. Мен қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бердім.
Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті.
LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.
ЕСІЛДІҢ ЖАҒАСЫНА ДҰРЫС КӨҢІЛ БӨЛІНБЕЙ ОТЫР
– Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.
Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын-ала ойластыру керек.
Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту.
ЭКСПО АУМАҒЫ ҚАҢЫРАП БОС ЖАТЫР
– Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр.
Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс.
БАЗАРЛАРДЫҢ МАҢЫН РЕТКЕ КЕЛТІРУ ҚАЖЕТ
– Біз қаланың келбетін сақтап қалуымыз керек. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды.
Салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп.
«Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс.
АСТАНАНЫҢ КЕЛБЕТІН БҰЗАТЫН ЖАРНАМА ӨТЕ КӨП
– Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады.
Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын-үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған.
Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр.
АСТАНАДА КӨЛІК ТҰРАҒЫ ЖОҚ ҮЙЛЕР КӨП САЛЫНЫП ЖАТЫР
– Тағы бір маңызды мәселе – көлік тұрағы жоқ үйлердің көптеп салынуы. Қазір жұрт балаларын сыртқа шығарудан қорқады. Өйткені ауланың бәрі автокөлікке толып тұр.
Бұдан былай көлік тұрағы болмаса, бір де бір үй салынбауы керек. Жалпы, ашық алаңда орналасқан автотұрақтар ақылы болуы керек. Әйтпесе, осындай келеңсіз жағдайлар жалғаса береді. Үкіметке нақты шешім қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ Министрліктер үйінің маңында автотұрақ тапшы. Жұрт көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, көліктерін жақын жердегі үйлердің ауласына қоюға мәжбүр болады. Бұл тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыратыны түсінікті.
Бас прокуратура және Жусан банкі ғимаратының ортасында бос жер бар. Жоғарғы Сот ғимаратының артындағы алаң да бос жатыр. Әкімдікке осы екі жердің біріне көп қабатты жабық паркинг және жаяу адам өтетін көпір салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырамын.
«АСТАНА КӨШЕЛЕРІ МҰЗ АЙДЫНЫНА АЙНАЛДЫ»
– Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Жолдардың жиегі тегіс емес, кейбір көшелер тас қараңғы. Көше бойынан қоқыс салатын жәшік те табылмай жатады. Қыстыгүні қала ішіндегі қар уақтылы сыртқа шығарылмайтын кездер де болады. Қар жауып, боран соқса, тұрғындар қарға малтығып жатады.
Жақында Астана көшелері бірнеше күн бойы кәдімгі мұз айдынға айналды. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ қаладағы үйлердің ауласы түгел бір қалыппен емес, өз ерекшелігімен салынғаны жөн.
Урбанистика саласының мамандарымен, сәулетшілермен, тұрғындармен бірлесіп, тың, жаңа тәсілдерді қолдану қажет. Мысалы, ашық байқау жариялап, озық жобаларды таңдап алуға болады. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек.
АСТАНАДА ТҰРҒЫНДАР ТҰРМЫСТЫҚ ТӘРТІПТІ ЖИІ БҰЗАДЫ
– Тағы бір маңызды мәселе. Қала тұрғындарының тұрмыстық мәдениеті. Астананың тазалығы, ең алдымен, оның тұрғындарына байланысты. Зәулім үйлердің ішіндегі және сыртындағы жағдай мәз емес. Шындығын айтсақ, тұрғындар тұрмыстық тәртіпті жиі бұзады, қоқысты қалай болса солай лақтыра береді. Жастар көшеде жүргенде мәдениетсіз қылықтарға жол береді. Сондықтан, мен мына мәселеге арнайы назар аударғым келеді.
Елордамызды және басқа негізгі қалаларымызды дұрыс қалпында сақтау бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды мәселе. Көшпенділердің ұрпақтары өз қалаларын жөнді сақтай алмайды деген жағымсыз пікірді мүлдем жоққа шығаруымыз керек.
«МАУСЫМДЫҚ ГҮЛДЕРГЕ ЖЫЛ САЙЫН ШЫҒЫНДАУ – ҚАРЖЫНЫ ЖЕЛГЕ ШАШУ»
– Келесі мәселе. Көгалдандыру жұмысы. Қазір Астананы жасыл қала деп айта алмаймыз. Бізде қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ. Әр әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл-желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни, жүйелі жұмыс жүргізілмейді.
«Астана-көгалдандыру құрылысына» қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл-желектің 10 пайызы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз.
Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Қала аумағында және оның маңайында 50 жерге заңсыз қоқыс төгілген. Бұл жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын.
АСТАНАДА ЖҰМЫССЫЗ ЖАСТАР КӨП
– Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет. Басты назарды қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға аудару маңызды. Әлеуметтік қамсыздандыру аясындағы орташа жалақы 100 мың теңгеден асады. Жұмыс орындары бар.
Бірақ атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтардың 60 пайыздан астамының тұрмыс жағдайы төмен. Сондай-ақ жастарды қолдау шаралары тиімді емес. Жастармен жұмыс бұқаралық іс-шаралар өткізуден аспай жатады. Ал, Астанада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары, республика бойынша екінші орында.
Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына қосылады. Соған сәйкес олардың саны көбейеді. Үкіметке әкімдікпен бірге қаладағы жастармен жұмысты күшейтуді тапсырамын.
ЕМХАНАЛАРДА КЕЗЕК КӨП
– Қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп. Бұл жерде демографияны да ескерген жөн. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды.
Балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады. Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе.
Денсаулық сақтау министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуді тапсырамын. Пайда табуды көздеген жекелеген ауруханалар мүмкіндігі бола тұра кейбір дәрігерлік қызмет көрсетуден бас тартып жатыр.
МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ЖЕТІСПЕЙДІ
– Ұлттық ғылыми медицина орталығы жақында жекеменшікке өтті. Онда бүйрегін ауыстырған науқастарды оңалту жұмысы тоқтатылған. Әлихан Асханұлы, ірі медициналық мекемелерді жекешелендірудің тиімділігін қайта қарайтын кез келді.
Бұдан бөлек, медицина кадрларының тапшылығы да қиындық туғызып отыр. Қалада 600-ден астам маман жетіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді шешу қажет. Бұл салаға білікті мамандарды тартып, олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Жеңіс Махмұдұлы, осы мәселені жеке бақылауға алыңыз. «Елорда жастары» бағдарламасына медицина қызметкерлерін қосу мүмкіндігін қарастыру керек.
МЕПТЕРТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАЯУ ЖҮРІП ЖАТЫР
– Қаламыз дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек. Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады.
Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді.
Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі қажет. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн.
МҰҒАЛІМДЕР ТАПШЫ
– Сонымен қатар, педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ.
Тегін үйірмелер оқушылардың бәріне бірдей қолжетімді емес. Бұған ата-аналар наразы. Бұл шаруа нақты жоспарланбайды. Яғни, қай үйірмеге қанша қаражат қажеттігі дұрыс есептелмейді. Бөлінген қаржының өзі тиімсіз жұмсалады. Тіпті, жалған құжат толтыру жайттары орын алып отыр. Әкімдікке құзырлы органдармен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Елімізге халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өткен білім ошақтары қажет. Жоғары оқу орындары көштен қалмауға тиіс. Мен бұған дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының санын көбейту жөнінде тапсырма бердім.
Бұл жұмысты, ең алдымен Астанадан бастау керек. Әкімдік мамандар дайындау үшін университеттермен ынтымақтастықты жандандыруы қажет.
13 МЫҢ СТУДЕНТКЕ ОРЫН ЖЕТІСПЕЙДІ
– Жатақхана салу – өте өзекті мәселенің бірі. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Алайда, Үкімет бұл түйткілді шешуге мән беріп отырған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек.
Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кітап оқу мәдениеті жайлы айттым. Алайда, қалада кітапханалар желісі дамымай тұр. Астанада небәрі 18 кітапхана бар. Оның кейбіреуі 40 шаршы метрден аспайтын бөлмеде отыр.
Кітапханалар заман талабына бейімделіп, коворкинг орталығы сияқты жұмыс істеуі керек. Бұл салада ақпараттық технологияны кеңінен қолданған жөн. Әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашу қажет.
АСТАНАНЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН
– Қаладағы өте өзекті мәселе – инфляцияның жоғары болуы. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Бұл – республикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Астанада азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттады. Әкімдік тұрақтандыру қорында резерв жинауды қойып, «айналым схемасы» аясында сауда желілеріне жеңілдікпен займ беруге көшті.
14 миллиард теңге бөлінді. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қабылданып жатқан шаралардың тиімсіз екені анық. Жылдар бойы елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтылды, Бірақ жұмыс орындалмады.
Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр.
Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамы.
«АСТАНА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШАҺАР БОЛУҒА ТИІС»
– Елордамыз дамудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс. Астана инновациялық шаһар болуы қажет. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек.
Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын.
Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ-бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың «Digital nomads» орталығына айналмақ.