«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық штабының мүшелері Бертаев Есімхан Қалмаханұлы, қалалық мәслихат депутаты Исабеков Данабек Ержанұлы Абай ауданы Жаңаталап елді мекені тұрғындарымен Президентінің Конституциялық реформасын түсіндіру бойынша кездесу өткізді.
Кездесу барысында ҚР қолданыстағы Конституциясына 33 түзету енгізу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылар санын 5 мың адамға дейін қысқарту, Конституциялық сот құру, сондай-ақ елімізде өлім жазасының жойылуы туралы сөз қозғалды. Осы және басқа да маңызды реформаларға партияның қалалық штабының мүшесі Есімхан Қалмаханұлы жеке тоқталды.
- «Жаңа Қазақстанның қалыптасуына Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформаларды іске асыруға үлес қосу – біздің әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. 1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тек Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де орын алды. Бұл қалыпты саяси процесс, өйткені уақыт өте келе қоғамдық-саяси жағдайға қойылатын талаптар өзгеруде», - деп атап өтті штаб мүшесі Е.Бертаев.
Бұдан басқа, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлауды аралас мажоритарлық, тепе-тең моделін енгізу жоспарда бар. Қалалық штаб мүшесі Данабек Исабеков айтуынша, бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға жол ашады. Алдағы реформалар азаматтардың өңірлердің де, тұтас ел мүмкіндіктерінің жандануын бекітуге көмектеседі. Жалпы, «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық штабы алдағы айда 200-ге жуық кездесу өткізуді жоспарлап отыр.