Қасым-Жомарт Тоқаевтың LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды
Астана LRT жобасы 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Мегаполис әкімінің айтуынша, жерүсті рельсті жерүсті метросының құрылысын аяқтау жұмысы былтыр басталған. Енді қалған шаруалардың барлығы келесі жылдың соңында аяқталады.
«Өткен жылы Үкімет алғашқы қаржыны берді. Биыл бұл нысан құрылысы белсенді жүреді. Қазір жұмысты пысықтап, техника бойынша, осы LRT-да жұмыс істейтін пойыздар бойынша аванстық төлемдер жүріп жатыр. Жоба 2023-2024 жыл ішінде жүзеге асырылып, келесі жылдың соңына дейін іске қосылуға тиіс деп жоспарланған», - деді Жеңіс Қасымбек Хабар-24 арнасындағы «President» бағдарламасында.
Еске салайық, Астананы дамыту жөнінде кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды.
«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», - деді Президент.
2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.
LRT құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан «Астана банкінде» тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. 2022 жылдың наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.
2022 жылдың маусымында Астана қаласының экс-әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта жанданғанын мәлімдеді. LRT-ны толығымен аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет.