Әкімдіктің жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару талабы қанағаттандырылды
Алматыда «Оңтүстік» саябағының жер телімін мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алу рәсімі аяқталды.
Айта кетейік, 2007 жылы Бостандық ауданындағы Си Синхай көшесінің оңтүстігінде, Жароков көшесінің шығысында жер телімі көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану үшін «Turkuaz Invest» ЖШС жеке меншігіне берілген. Кейін учаске «Jusan Property» ЖШС-ға берілді.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесулерінің бірінде қала тұрғындарымен аталған жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу және саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы бастама көтерілген.
2022 жылдың 5 қазанында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен әкімдіктің жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару жөніндегі талабы қанағаттандырылды. Өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде айқындалды.
2022 жылдың 22 желтоқсанында Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. 2023 жылдың 13 қаңтарында өтемақы сомасы «Jusan Property» ЖШС-ға аударылды.
Қазір Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Оңтүстік» саябағын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажетті құжаттарды дайындап жатыр.