Биыл қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл
AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай бастау алған «Мен жастарға сенемін!» атты акцияға үн қосты.
Ерлан Қошановқа аталған челленджді ақын кіндік кескен Сарытомар ауылының 7-сынып оқушысы Жасмин Қалдыбек жолдаған болатын.
«Осы мерейлі датаны Мағжанның жерлестері – біздің балаларымыз бастап беріп жатқанына ерекше қуаныштымын. Мағжан дегенде ұлы ақын ғана емес, ұлтымыздың тар жол, тайғақ кешкен тағдыры, бар аяулы болмысы көз алдымызға келеді», – деген Ерлан Қошанов ақынның «Атақты ақын – сөзі алтын хакім Абайға» өлеңінен үзінді оқыды.
Сөз соңында партия төрағасы эстафетаны Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетке және қазақ тілін дамытуға зор үлес қосып жүрген отандасымыз Ольга Спиринаға жолдады.