Берік Уәли: Ұйымдастыру жұмыстарымызда мемлекетшіл жастарды қалыптастыру мақсаты басым

Сұхбат
28.01.2015, 10:53

Берік Уәли, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы:

«Ұйымдастыру жұмыстарымызда мемлекетшіл жастарды қалыптастыру мақсаты басым»

БерікSaigez.kz: – Берік мырза, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасына басшы болып тағайындалдыңыз. Осы саладағы жұмыстарыңыз туралы әңгімелессек. Өңірдің бүгінгі қоғамдық-саяси жағдайынан бастасаңыз.

Берік Уәли: – Облыста жалпы айтқанда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Елбасымыздың осыдан тура бір жыл бұрын халыққа арнаған  «Қазақстан жолы  – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын облыс тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру мақсатында 6 мыңға жуық  кездесулер  өткізіліп, 870 мыңнан астам адамды қамтыды.

«Ырыс алды - ынтымақ» қоғамдық форумы облысымыздың ерекшелігіне орай зиялы қауымның басын қосатын, оңтүстікқазақстандықтарды береке-бірлікке шақырып, ынтымақ пен татулыққа тірек болатын институт ретінде нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Аталған форум аясында  биылғы жылы «Ұлттық идеямыз – Мәңгілік Ел, ұлысымыздың атауы – Қазақ Елі» және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен  бірлескен «Тұрақтылық тұғыры ─ татулық» тақырыбында форум мәжілістері  өткізілді.

Saigez.kz: – Оңтүстік Қазақстан облысында қызмет ететін тек қана газеттердің саны өзі көпті таңғалдырып жатады. Бұл дегеніміз жалпы еліміздің азаматтық қоғам құру идеясының жүзеге аса бастағанының нақты көріністерінің бірі. Облыста саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеу қарқыны қалай?

Берік Уәли: – Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда Әділет департаментінде  тіркелген 1102 тарта қоғамдық бірлестік тіркелген. Оның ішінде 484 жуық түрлі бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар бар. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында 2014 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 38,7 млн. теңгеге 11 әлеумттік жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында 8 саяси партия филиалдары тіркеліп, жұмыс атқаруда.

Өткен жылдың 3-шілдесінде облыстық ішкі саясат басқармасында   облыста жұмыс істейтін саяси партиялар  филиалдарының төрағаларымен кездестім. Мұндағы мақсат − саяси партиялардың бүгінгі жай-күйімен танысып, олардың жоспарлары мен атқарып жатқан жұмыстарын зерделеу, қоғамдық маңызды мәселелерді бірлесіп шешу болды. Жиын барысында партия филиалдарының төрағалары облыстағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Облыстағы этносаралық қатынастарды нығайтудың механизмдерін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізу және этно-мәдени орталықтар өкілдерінің пікірлерін БАҚ арқылы жан-жақты насихаттау жұмыстары ұйымдастырылып отырады.

Саяси партиялар және қоғамдық-саяси бірлестіктермен өзара байланыс мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың төрағалығымен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мәжілісі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қыркүйек айының ортасында «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетовтің қатысуымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында бөлінетін гранттар мен премиялар жөнінде дөңгелек үстел өткізілді.

Бізде тығыз байланыс орнатылған. Мысалы  2014 жылдың 19 желтоқсаны күні облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жалын жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен азаматтық сектор өкілдерінің бастамаларын тыңдау мақсатында «Мемлекеттік органдар мен үкіметтік  емес ұйымдар арасындағы әлеуметтік әріптестік» тақырыбында  кездесу өткізілді. Ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолдау көрсетіліп,  облыстағы үкіметтік емес ұйымдар үшін ортақ интернет-ресурстары құрылды ақпараттық-ресурстық орталықтың жұмысы ұйымдастырылды.

-9321

Сұрақ барысында БАҚ түрлері көп тіркелген өңір деп қалдыңыз. Сізге нақты деректер келтіре кетейін. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде жұмыс жүргізіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарының саны – 240. Оның 182-сі газет, 38-і журнал, 10-ы телеарна, 3 радио, 7-і интернет ресурс. Облысымызда бүгінгі таңда 128 – қоғамдық-саяси, ақпараттық, сараптамалық, 51 – танымдық, ойын-сауықтық, 14 – балаларға арналған, 47 – салалық  тақырыптық бағытта жұмыс істейді. Олардың 90 пайызы – жекеменшік. Тіркелген БАҚ ішінде 60 пайызы тұрақты жұмыс істейді.

Saigez.kz: – Былтыр басқармаларыңыздың мұрындық болуымен бірнеше шара ұйымдастырылды. Жиі-жиі республикалық ақпарат құралдарынан көріп жүрдік. Шаралардың мақсаты қандай?

Берік Уәли: – Ол шаралардың барлығы да елдік идеологияны жүзеге асыруға, мемлекетшіл жастарды қалыптастыру мақсатында өткізілді. Ұлатаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі, бірлігіміздің негізі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы этносаралық жағдайды кешенді зерттеу нәтижесі бойынша облыстық Ассамблея хатшылығы және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен онлайн конференция өтті. Одан кейін саясаттанушылардың республикалық конференциясы өткізілді. Тақырыбы – «Мәңгілік ел – Ұлттық идеямыздың түп қазығы» Қазақстан жолы – 2050. Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ Елбасының өткен жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында айтылған мақсаттарды жүзеге асыруға арналған. Конференцияға республика көлемінде танымал саясаттанушылар «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті,  саясаттанушы Айдос Сарым, саясаттанушы Ерлан Карин, «Гонзо» kz интернет платформасының бас редакторы, саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай, саяси ғылымдарының докторы, саясаттанушы Есенжол Алияров қатысты.

IMG-20141030-WA0018

Назарбаев зияткерлік мектебінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Ата – баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» тақырыбы бойынша іс-шара өтті. 2014 жылғы 30 қазан күні «Ордабасы: кеше, бүгін және ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы президиумы төрағасының бірінші орынбасары Т.Мамашев және Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы 159 мектептің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері А. Миразова қатысты. Дөңгелек үстелге  облысқа танымал зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, кәсіпкерлер және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты. 2014 жылғы 7 қараша күні «Ел бірлігі Доктринасы және Қазақстандағы ұлттық саясат» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияда Ел бірлігі Доктринасы және Қазақстандағы көпұлттылықтың қалыптасу мәселелері талқыланды. Конференцияға облыстық, қалалық, аудандық, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, жастар өкілдері, М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушылары мен студенттері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінің қатысты.

IMG-20141001-WA0028

Saigez.kz: – Біздің саламыз болғаннан кейін қызғушылығымызды арттырған жергілікті БАҚ өкілдеріне өткізілген семинарларыңыз болды. Сол жайында айтып өтсеңіз.

Берік Уәли: – Сіз айтып отырған семинарлар облыстағы ақпараттық саясат бойынша атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Десе де ретімен айта кетейін. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 2014 жылғы 17 қазан күні  Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдық мерейтойы және  ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына   120 жыл толуына орай ғылыми-теориялық конференция өткізілді.Аталмыш конференцияға есімдері елге танымал тарихшылар, ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, іргелі басылым редакторлары қатысты.

Одан бөлек, журналистердің біліктілігін арттыру, кәсіби деңгейде ақпарат алуына көмек беру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 7 семинарлар өткізілді. Семинарға еліміздің танымал журналистері «Алаш айнасы» интернет газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы қоғамдық қорының жетекшісі Есенкүл Кәпқызы,  «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті-бас редакторы Жанболат Аупбаев, «Айқын» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлзина Бектасова, «Хабар» агенттігінің продюсері Арман Сқабылұлы мен «Астана» телеарнасының аналитик редакторы Жайна Сламбекқызы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі, саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлы, «Аbai.kz»  ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат арнайы шақырылды.

Saigez.kz: – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбат

PhotoRoom