Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану: 3,5 трлн теңге қайда жұмсалды

Әлеумет
08.02.2023, 11:48

3,17 трлн теңге баспана мәселесін шешуге жұмсалған

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану: 3,5 трлн теңге қайда жұмсалды
фото: Халық үні

Қазақстандағы салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу аясында 3,5 трлн теңгені игерді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

Ұлттық банк өкілі 2021 жылдан бастап салымшылар өздерінің жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, басқарушы компанияларға тапсыруға және ем-дом алуға жұмсағанын еске салды.

Бұл мүмкіндік аясында салымшылар 3,5 трлн теңгені аталған мақсаттарға бағыттады.

«Атап айтқанда, 3,17 трлн теңге (90,6 пайызы) баспана мәселесін шешуге, 318, 8 млрд теңге (9,1 пайызы) емделуге, сондай-ақ 8,7 млрд теңге (0,25 пайызы) басқарушы компанияларға аударылды», - деді Әлия Молдабекова Сенатта депутаттармен кездесу кезінде.

2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалану мүмкіндігі берілді.

2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері шамамен 1,8 есе өсті. Мәселен, 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге жетті.

Сұхбат

PhotoRoom