Балалар тағамы, киімдер, жөргек, азық-түлік, көрпе жолданып жатыр
Ыстанбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жолдап жатыр. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр.
Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ долларын (72 551 376 теңге) құрайтын көмек жиналып, жөнелтілді, - делінген ақпаратта.
Атап айтқанда, балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпелер және басқа да қажетті өнімдер жолданып жатыр.
Гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жасалған. Бас консул Әлім Байел бүкіл Қазақстан жұмылып бауырлас Түркияға қолдау көрсетіп жатқан сәтте бұл көмекке өз үлесін қосып жатқан Ыстанбұлдағы қазақтарға алғыс айтты.