30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек үлестік құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Үлестік құрылыс нысандарын аралауды жалғастырамын. Төрт көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар: Мирный дом, Тұран Сығанақ, Территория комфорта-1 (2 кезек), Хазар. Үлескерлердің жалпы саны 1200-ден астам отбасыны құрайды. Мәселен "Мирный дом" тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын проблемалы деп танылған, - деді Қасымбек.
Ал "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешені (2 кезек) тіпті апатты деп танылып, үйлердің блоктары бұзылған. Тиісінше құрылысы қайта басталды. "Территория комфорта" тұрғын үй кешенінің бірінші кезегінің құрылысы аяқталып, пәтер кілті үлескерлеріне тапсырылған. Әкімнің айтуынша, қазір екінші кезек бойынша жұмыс жүріп жатыр.
"Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен алдымызда тағы 30-дан аса тұрғын үй кешенін аяқтау міндеті тұр. Мыңдаған үлескер отбасы өз пәтерін жылдар бойы күтіп жүр. Құрылыс сапасына ерекше назар аудара отырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырдым", - деді Астана әкімі.