Осы жағдайға байланысты Үкімет басшысы министрліктерге арнайы тапсырма берді
Петропавлда үш оқушыны жарақаттаған жасөспірім екі айға қамауға алынды.
2023 жылдың 15 ақпанында Петропавлдың мамандандырылған тергеу соты кәмелетке толмаған Д.-ға қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, - деп хабарлады Петропавл сотының баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа жайттары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Айта кетейік, 13 ақпанда Петропавл қаласында 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып барған. Облыс орталығындағы №4 мектепте оқитын жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған.
Осы жағдайға байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрліктерге арнайы тапсырма берді.
«Бұл – өте қауіпті жағдай. Халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектептегі кіреберісте бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», - деді премьер-министр.