Дос Көшім, саясаткер: "Біреумен ұстасып не тістесіп көргенім жоқ"

Сұхбат
28.01.2015, 15:05

- Бос уақытыңызда айналысатын сүйікті хоббиіңіз қандай?

- Аңға шығу, кітап оқу;

 - Өмірдегі жалпы ұстанымыңыз?

- Ұлтшылдық, әділетті қоғам;

 - Кімді тұлға санайсыз, атақты адамдар арасынан кімдердің өмірлік тәжірибесін қолданып көрдіңіз?

 - АҚШ-тың үшінші президенті Томасс Джефферсонның демократия туралы ой-пікірлері ұнайды, оның көптеген ұстанымдарын қоғамдық саяси өмірімде пайдаландым. Эрнесто Че Гевараның романтикалық революционерлік тұлғасы – менің өміріме үлгі болған сияқты. Абайды оқудан ешқашан жалықпаймын. Ол бір мен үшін таусылмас қазына. Жас кезімде Джек Лондонның кейіпкерлері, оның ішінде Мартин Иден ерекше із қалдырды. Саясатқа араласқан кезеңде де талай аты шыққан  адамдармен жүздесіп, кейбіреуімен сырласып, ал кейбіреулерімен жолдастық қарым-қатынаста болдым. Олардың кейбіреулерінің тағдыры аянышты аяқталды... Түркмен демократиясының негізін салып, алғашқы демократиялық партия құрған Дүрдімұрат досым әуелі шетелге кетті, кейіннен қайтып келгенде Түркменбашы оны жындыханаға жатқызды. Ал өзбек демократиялық күштерін партияға біріктірген ағайынды Пулатовтардың екеуі де соққыға да жығылды, түрмеге де жатты соңында шетелге кетуге тура келді. 1994 жылы Вашингтонда Абдыманаппен кездесіп, үйінде қонақ болдым, ал оның ағасы Әбдрахиммен 1998 жылы Измирде кездестім. Тәжік демократиялық партиясының негізін салушы Юсуф Шадмон екі жыл қанды соғыстан соң  елінен кетті. Ең тыныш деген қырғыз бауырларымыз да азаптың дәмін татты. Қырғыз демокраиялық күштерін құрып, соның басышысы болған, Ақаевтың президент болуына үлкен еңбек еткен Топчыбек Тұрғыналиев те Ақаев келгеннен кейін төрт жыл Нарынға жер аударылды. Қысқасы, 90-жылдардағы біздің өміріміз азапты да, қызықты болатын. Қазіргі Қырғыз президенті Алмасбекпен (ол кезде Алмасбек Атамбаев – Қырғыз социал демократиялық партиясын басқаратын) бірге де талай қалаларды шарлап, талай жиналыстарға қатыстық.

 - Осы уақытқа дейін атақтан, даңқтан немесе жоғары лауазымнан бас тартқан кездеріңіз болды ма? Болса, неге? Сіз үшін атақ-даңқтың құны қандай?

- Егер ол – орынды атақ, орынды марапат болса, «қажеті жоқ» деп бас тарту – ыңғайсыз нәрсе сияқты. Марапат – сенің жасаған жұмысыңды мойындау және рахмет айту сияқты. Саған рахмет айтатын адам не мемлекет сен бас тартты деп, рахмет айтпай қалмайтын шығар. Ал лауазым дегенді түсінбеймін. АҚШ-тың Презмденттері қызметтен кеткеннен кейін, бір жерге кеңесші болып орналасады, радиода комментатор болғаны да бар. Ақылды адамдар сенің ақылыңа біліміңе, елге, халыққа жасаған жұмысыңа қарай баға береді. Демек атақ-даңқтың ешқандай да құны жоқ.

 - Өз бойыңыздағы кемшілікті білесіз бе? Және көп жағдайда нәтиже беретін қасиеттеріңіз туралы айтсаңыз?

- Менің «кемшілік» дегенімді біреулер артықшылық деуі де мүмкін... Менің кемшілігім – ешқашан ешкімге ашуланбайтыныдығым, жауласпайтындығым болар. Біреумен ұстасып не тістесіп көргенім жоқ. Мені сыйлаған адамды мен де сыйлап тұрамын. Тағы бір кемшілігім – белгіленген уақытта келемін. Кейде «30 секунд кешіккеніме кешірім сұраймын» деп әзілдеймін. Қазақ үшін бұл да кемшілік – сені шақырған адам кем дегенде жарты сағат кешігіп келеді...Тағы бір кемшілігім –  туған күнімді атап өтпеймін (қазақпыз ғой!), сол күні аңға шығып кетемін.

 - Досыңыз көп пе? «Дос» Сіз үшін қандай ұғым? 

- Адамның әрбір кезеңінде сол кезеңге сай досың болады. Мектепте жүрген жан досыңмен кейін бес-алты жылда бір ғана кездесерсің. Ал студенттік кезеңде араларыңнан қыл өтпеген досыңды кейін жиырма жылдық кездесуде көруің мүмкін. Сондықтан мен де бір ғана жан досым бар деп мақатан алмайтын адаммын. Дос – екіге көбейтілген сенің өзің деп ойлаймын. Ал менің атым – Дос болғаннан кейін, барлық мені танитын адамдар – маған Дос болып табылады.

 - Мақтанғанды және мақтағанды ұнатасыз ба, әлде керісінше ме? Сынды қалай қабылдайсыз?

 - Мақтануды дегенді түсінбеймін. Егер мен «университетті степендиат болып, бір төртсіз бітірдім» десем, бұл – шындық. Егер шындықты айтқан адам мақтаншақ болса, бәріміз өтірік айтуымыз керек.  Егер шындықтың бояуын қалыңырақ жағып көрсетсеңіз, бұл – бөспелік. Мойындауым керек, қазір сыннан көрі мақтауды көбірек естиміз. Ол уақытта менде тек қана ыңғайсыздық сезімі болады. Сынды қабылдамаймын. Мен емес, менің басымдағы компьютер сол сынның шындыққа жанаспайтын жағын құлағыма кіргізбей, алып тастайды, ал қалғанын мен сын емес – келешекте қайталамайтын ескертпе ретінде қабылдаймын.

 - Ұлт рухын көтеруге қандай үлес қосар едіңіз? / ой-пікір, жоспарларыңызбен бөлісуіңізге болады/

- Бірде осыған ұқсас сұраққа жауап беремін деп, барлық жоспарымызды айтып бергенмін. Оны біліп алған саяси қарсыласымыз өздерінің стратегиясына өзгеріс енгізіп, біздің жұмысымызға тосқауыл қойып үлгірді. Содан кейін ешқашан өзімнің жоспарымды жайып салған емеспін. Сондықтан, кешірім сұрай отырып, осы сұрақты жауапсыз қалдырғым келеді.

 - Қазаққа қандай қасиет жетпейді?

- Байқап қарасаңыз, қазақтың барлық мәселесі не  атқа мініп, найза алғанда, не көшеге шыққанда ғана шешілген. Жоңғармен шайқас та, Желтоқсан да үйде отырып жүзеге аспайтын еді. Кешегі «Шаңырақ шайқасы» деп аталған қақтығыста та өзінің үйлерін, жерлерін қорғаған азаматтар көшеге тас алып шықпаса, үйден де, жерден де айрылар еді. (Шаңырақтықтарды соттап, төрт азаматты түрмеге жібергеннен кейін ...жергілікті билік сол сайдағы үйлердің барлығына құжат берді). Біз қазір «омалып отыру» ауруы мен «интернетте отырып кіжіну» деген сырқатқа тап болдық. Демек, Қазаққа батылдық қасиеті жетіспейді.

Сұқбат "Жебе" сайтынан алынды 

Сұхбат

PhotoRoom