Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарды
Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге оралды.
Төтенше жағдай министрлігінің құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонды.
Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин және Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи құтқарушыларды күтіп алды және олардың әрқайсысына атқарған қиын жұмысы үшін алғыс білдірді, – делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен.
Қазақстандық құтқарушылар тобын төтенше жағдай бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.
Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың мәйіті шығарылды.
Бұған дейін қазақстандық құтқарушылардың алғашқы легі Алматыға оралды.