Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алматылық педагогтермен кездесті
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде мектеп директорларының кадрлық резерві жасақталатынын айтты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Алматы педагогтерімен кездесуде министр білім беру жүйесінің сапалы дамуы және педагог мәртебесін одан әрі дамыту керек екенін атап өтті. Министрдің сөзінше, Жол картасы білім беру сапасын арттыруға бағытталған 80-нен аса іс-шараны қамтиды.
«Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы. 2020-2021 оқу жылында мектептердің жаңартылған бағдарламаларға көшуі толық аяқталып, білім беруді критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Бұл өте маңызды өзгеріс болды. Алайда мониторингтік зерттеулерге сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары жетілдіруді қажет етеді», - деді Ғани Бейсембаев
Сондай-ақ ол Қазақстанда мектеп директорларының кадрлық резерві жасақталатынын жеткізді.
«Білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кадрлық резерві жасақталады. Резервтегі менеджерлерді «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде тағылымдамадан өткізу көзделген. Сондай-ақ еліміздің озық тәжірибелі педагогтерінің республикалық базасы құрылады», - деді министр.
Алматыға жұмыс сапары барысында Ғани Бейсембаев Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернатының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ол бірнеше білім мекемесіне барып, ондағы балалардың қауіпсіздігі қалай қорғалып жатқанын білді.