«Баяндамада жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес»: Тоқаев Үкімет жұмысын сынға алды

Саясат
18.07.2020, 21:42

Мемлекет басшысы облыс, қала басшыларының жұмысын қатаң сынға алды

«Баяндамада жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес»: Тоқаев Үкімет жұмысын сынға алды

Бүгін коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен әкімдерді «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен» деп қатаң сынады.

Мемлекет басшысы шенеуніктердің баяндамасы мен елдегі ахуалдың екі түрлі екенін айтып отыр. Ал, халық шектеу шараларын әлі де сақтамайды. Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкентте той тойлап жүргендердің саны көп. Президент бұған әкімдер тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмысының әлсіз болғаны себеп дейді.

«Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді Президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен», - деді Қ.Тоқаев.

Президент сондай-ақ, өңірлерде әліге дейін дәрі тапшылығының бар екенін атап өтті. Ал, дәрі-дәрмекті заңсыз сатқандардың көбі медицина мамандары екен. Құқық қорғау органдары көтерме және бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда рейдтер мен тексерулер жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 270 адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 116-сы медицина қызметкері. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін, сондай-ақ, кінәлілер заңға сәйкес жазаланатынын атап өтті.

«Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметтің коронавирус пен өкпе қабынуының статистикасын біріздендіру туралы шешімі пандемияның таралу көлемін нақты көруге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар статистика мен сараптамалардағы кемшіліктердің, жоспарлаудағы тиімсіздіктің кесірінен өңірлер өздеріне қажетті дәрі-дәрмектің көлемін нақтылай алмай отырғанын жеткізді. Барлық проблема жұмысты дұрыс жоспарламаудан басталатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, мұны кәсіби шеберліктің төмендігі деп бағалады.

Тегтер:
Үкімет Тоқаев

Сұхбат

PhotoRoom