Экс-министр Асқар Жұмағалиев отставкасы жайлы ойын айтты

Саясат
22.07.2020, 10:59

А.Жұмағалиев 20 шілде күні қызметінен босатылды

Экс-министр Асқар Жұмағалиев отставкасы жайлы ойын айтты
фото: facebook.com/azhumagaliyev

Бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев facebook парақшасында жазба қалдырып, қолдау білдіргендерге рахметін айтты.

«Мені бұл лауазымға тағайындағанда құттықтаушылар көп болды, ал кеткен кезде қолдаушылардың одан да көп екенін көріп, таңқалып отырмын. Телефон соғып, хабарлама жазып басымыздан кешкен оқиғаларды есіме салдыңыз, өте ризамын. Кейбіріңізбен мемлекеттік мүдделерді қорғауда бірге жұмыс істесек, енді біріңізбен жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асырдық, тағы біріңіз қызықты шешімдеріңізбен бөлістіңіз. Әріптестер, достар, «цифрлық комиссарлар», пікір білдірушілер, азаматтар, менің соңғы жылдары айналысқаным – бұл біздің бірлесе атқарған жұмысымыз», - деп жазды ол.

Экс-министр өзі басқарған ведомство ұжымына алғыс білдірді.

«Бәріміз нәтижелі жұмыс істедік деп ойлаймын. Оның бәрін тізбектеп айтпай-ақ, өздеріңіз де білесіздер. Қазір қызметкерлер туралы айтқым келіп отыр. Мен министрлік ұжымының, ведомстволық бағынышты ұйым қызметкерлерінің әрбір қызметті цифрлау үшін, әрбір интеграция үшін және олардың қазақстандықтардың өмірін жеңілдетудегі маңызы мен қажеттілігін дәлелдеуге күш салғанына, бар ынта-жігерімен жұмыс істегеніне куә болдым. Сіздерге басымды иіп, зор алғысымды білдіремін», - деді.

Асқар Жұмағалиев идея қосқан азаматтарға, тұрақты фидбек үшін блогерлерге де алғыс айтты.

«Facebook-те мүмкіндігінше ашық болуға тырыстым, жоспарларымызбен бөлісіп, нәтижелеріміз туралы жаздым. Бұл көпшілік үшін пайдалы болды деп үміттенемін. Дос болғаныңыз үшін, бірқатар мәселені шешуге көмектескен пікірлеріңіз үшін, идеяларыңыз үшін көп рахмет. «Цифрлық комиссарлар» – біздің тәуелсіз сарапшыларымызға алғысым шексіз, қоғам белсенділері мен ҮЕҰ басшыларына, блогерлерге тұрақты фидбек үшін көп рахмет, халықты біздің жұмысымыздан үнемі хабардар етіп отырған журналистер қауымына және біздің бастамаларымызға қолдау білдіргені үшін депуттарға зор алғыс», - деді қолдау көрсеткендерге қарата.

Үнемі қолдау білдірген Елбасыға, Президентке алғыс айтып, орнын басқан (министр міндетін атқарушы – ред.) Бағдат Мусинге сәттілік тіледі. Сондай-ақ мақсатын айқындап, іске қайта кірісетінін айтты.

«Бастамаларым мен Қазақстанды цифрландыру үдерістерін үнемі қолдағаны үшін Елбасыға, Президентке және сіздердің әрқайсыңызға соңғы жылдары маған артқан сенім мен көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бағдат Мусин, сәттілік тілеймін, сала сенімді қолда! Жаңа мақсаттарды айқындап, іске қайта кірісемін...», - деп аяқтады ол сөзін.

Сұхбат

PhotoRoom