Мұнай-газ саласында 800-ге жуық талап қысқарады – Әлихан Смайылов

Экономика
01.03.2023, 09:34

2023 жылы инвестиция көлемі $6 млрд болатын келісімшартқа қол қойылды

Мұнай-газ саласында 800-ге жуық талап қысқарады – Әлихан Смайылов
Фото: Sputnik / Евгений Одиноков

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды.

Үкімет басшысы мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен астамға, яғни жылына 25 млн тоннадан 90 млн тоннаға дейін өсті. ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан бүгінде мұнайды ТОП-10 экспорттаушының қатарына кіреді, - делінген ақпаратта.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндамасында геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілгенін атап өтті.

2023 жылы инвестиция көлемі $6 млрд болатын осындай алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен $2 миллиардты құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталып жатыр.

Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Осы жылы кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.

Энергетика министрлігі ұлттық экономиканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Премьер-министр бұл қадамдардың барлығын жеке заңның әзірленуін күтпей-ақ, заңға тәуелді актілер деңгейінде қабылдау қажет екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар салық салу, геологияны дамыту, экологиялық талаптарды сақтау, мұнай экспорты, жалпы саланың ашықтығын арттыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Әр тақырып бойынша энергетика министрлігі, экология министрлігі, индустрия және басқа ведомстволардың басшылары егжей-тегжейлі түсініктемелер берді.

Премьер-министр мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол қосымша инвестициялар тарту үшін жақсартылған модельдік келісімшартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылданады. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын, – деді премьер-министр.

Сұхбат

PhotoRoom